46 млрд теңге "тіс емдеуге" емес, есепшотқа кеткен: атышулы іс бойынша жаңа мәліметтер
Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының ұрлануына байланысты "стоматологиялық іс" деп аталған тергеуді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Күдіктілердің бірі Аслан Дүйсенов ұсталған. Тергеу мәліметінше, оның кінәсі толық дәлелденген. Бұл туралы ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенаттағы брифингте мәлімдеді.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Дүйсенов аталған іс бойынша күдікті мәртебесінде болған және сот бұған дейін оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген.
Ол күдікті мәртебесінде болды. Сырттай айып тағылып, сот бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу туралы шешім қабылдады. Ол іздеуге жарияланған болатын. Қазіргі уақытта ұсталды, сот санкцияны растады. Тергеу барысында оның қылмысы толық дәлелденді, - деді Елемесов.
Тергеу деректеріне сәйкес, азаматтардың зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жалған схемалар арқылы заңсыз шығарылған. Бірқатар стоматологиялық клиникалар шын мәнінде көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған құжаттар рәсімдеген. Осы жалған құжаттардың негізінде зейнетақы қаражаты жеке ұйымдардың есепшоттарына аударылып отырған.
Агенттік мәліметінше, осылайша БЖЗҚ-дан шамамен 46 миллиард теңге заңсыз алынған. Тергеу барысында төрт стоматологиялық клиниканың құрылу мән-жайлары мен олардың қызметі нәтижесінде алынған сомалар толық анықталған.
Аталған қылмыстық іс бойынша осы төрт клиниканың құрылуы мен олардың алған сомалары тергеу тарапынан толық анықталды, - ҚМА өкілі.
Бұған қоса, тек стоматологиялық қызметтерге ғана емес, басқа да салаларға тексеріс жүргізілуде. Зейнетақы төлемдері заңсыз пайдаланылған өзге бағыттар мысалы, офтальмологиялық қызметтер немесе тұрғын үй бағдарламалары да тексеріліп жатыр.
Иә, біздің ведомство тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Қазір кейбір өңірлерде осындай фактілер қосымша анықталуы мүмкін, соның ішінде тұрғын үй бағдарламалары арқылы алынған қаражаттарға да қатысты, - деп түсіндірді Елемесов.
Еске сала кетейік, Бәрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан "тіс емдеу" үшін 46 млрд теңге шешкен үш жігіттің біреуі ұсталды. Ал тағы екеуі шетел асып кеткен.