4,5 млрд теңге ұрлаған бухгалтерлерге үкім шықты

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырған бухгалтерлерге қатысты сот үкімі шықты.

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны (ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 1), 2) тармақтары), заңсыз заңдастырғаны (ҚК-нің 218-бабының 3-бөлігінің 3) тармағы), ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық жасап және оған қызметтік бабын пайдалана отырып қатысқаны (ҚК-нің 262-бабының 3-бөлігі) үшін айыпталған Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Сотта анықталғаны: 3 жыл бойы Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері С. әріптестерінен құралған (7 – білім бөлімі және 14 – орта мектеп) қылмыстық топ ұйымдастырған. Оның басшылығымен ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы жалған жұмыскерлерге және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. 

Ұрланған қаржыны сотталушылар туыстарының банктік шоттарына аударып, содан кейін қылмыстық рөлдерге сәйкес өз араларында бөлген. Аталған қаражатқа жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін, автомобильдер, зергерлік бұйымдар және т. б. сатып алған. 

Сотталушылардың кінәсі олардың айғақтарымен, сондай-ақ куәгерлермен, мамандардың және сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталады. Сотталушылар кінәләрін тек жымқырубөлігінде мойындады (ҚК 189-бабының 4-бөлігі 1), 2) тармақтары), қалған бөлігінде оларды ақтауды сұрады.

Сот неге және қандай жаза тағайындады: Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушылардың жеке басын ескере отырып, оларды кінәлі деп танып, үкім шығарды: 

- қылмыстық істің бас фигуранттары С., М., Н. 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 

- 15 сотталушы 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 2 сотталушы келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігі 2) тармақшасы бойынша шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Бір бухгалтерге қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Сотталғандардың 3 млрд теңгеден астам ақшалай қаражаты, зергерлік бұйымдары, жылжымайтын және жылжымалы мүлкі тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы