440 жүргізушіге айыппұл салынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде «Мас жүргізуші-қылмыскер!» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде облыстың автожолдарында 1718-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелді.
Оның ішінде бұрын көлік басқару құқығынан айырыла отыра, көлікті масаң күйде басқарған 3 жүргізуші анықталып, оларға қатысты ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарған 28 жүргізуші, көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған 16 жүргізуші анықталды.
Полицейлер жылдамдық қозғалысының жиі бұзылуының қатарында – 305 факті, қарсы қозғалыс жолағына шығу - 18 факті бар екенін атап өтті. Ақтөбеде көлік ағындарын бақылаудың автоматты жүйесі жаңғыртылды, соның арқасында автокөлік иелері жасаған бұзушылықтарды автоматты түрде анықтау мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейтілуде.
«Мираж-Интегра-Ураган» модернизацияланған жүйесінің көмегімен көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілердің басқаруындағы 55 көлік мамандандырылған тұраққа қамауға алынды, 440 жүргізушіге айыппұл салынды, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар 1 автокөлік анықталды.
Жалпы, аталмыш шараның мақсаты – жүргізушілер арасында жол-көлік тәртібінің алдын алу.