20 Тамыз 2026, 11:25 Фото: gov.kz

44 рет терезесі сынған: Пойызға тас лақтырғандар қандай жауапкершілікке тартылады?

Жыл басынан бері пойыздардың әйнегі 44 рет сынды.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше жыл басынан бері пойыздардың терезелерін сындыруға қатысты 44 дерек тіркелген.

Құқық бұзушылық қай өңірде жиі болды?

Мұндай оқиғалардың басым бөлігі Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станцияларының учаскелерінде орын алған. Анықталған жағдайлардың көпшілігіне кәмелетке толмағандардың қатысы бар екені белгілі болды.

Жуырдағы оқиғалардың бірі Талас-Тараз аралығындағы теміржол учаскесінде болған. Белгісіз адам лақтырған тас электровоздың бүйір әйнегін сындырып. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Тараз станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушыны анықтады. Ол 19 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Құқықбұзушы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 50 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Департамент өкілдері ескертеді

Жасөспірімдерге жай ғана ермек болып көрінетін әрекет санаулы секунд ішінде жарақат алуға, техниканың бүлінуіне, тіпті қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері теміржол нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейдтер мен жедел іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Әсіресе каникул кезінде ересектердің қарауынсыз теміржол маңында жүретін кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылады.