437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін: Студенттерге қандай жағдай жасалады
2025 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде маңызды кезең басталды. Дәлірек айтқанда, биыл жұмысшы мамандықтарына ерекше назар аударылады. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қандай жұмыстар басталып кетті? Бұл жылдан қандай жаңалықтар күте аламыз? Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ: Еділ Сабырұлы, Президент Жұмысшы мамандықтар жылын жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Білуімізше, жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары құрылып, оны іске асыруды үйлестіру Оқу-ағарту министрлігіне жүктелді. Осы бағытта қазіргі таңда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Атаулы жылдан қандай жаңалықтар күтсек болады?
Еділ Оспан: Расында, 2025 жыл еліміздің тарихында техникалық жән кәсіби білім беру жүйесінің жаңа даму кезеңін айқындайтын маңызды оқиғаларға толы болары сөзсіз.
Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, жұмыс берушілердің кадрларды даярлау мен қолдауға қатысуын кеңейту, жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыру, өндірістегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіру бойынша 7 бағыттан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілді. Оны жүзеге асыруға барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы, “Самұрық-Қазына” АҚ-ы мен ұлттық компаниялар, кәсіподақ ұйымдары қатысады. Бұдан бөлек осы бағытта 20 өңірлік, 13 салалық жоспар әзірленді.
Қазіргі білім беру экожүйесінде техникалық және кәсіптік білім мемлекеттік деңгейде стратегиялық маңызға ие болып отыр. Осы мақсатта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кадрларды даярлау сапасын арттыруға, цифрлық технологиялар мен халықаралық стандарттарды интеграциялауға, сондай-ақ колледждер, бизнес және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Бұл Жол картасы техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудан өткізудің негізгі құралы ретінде айқындалды.
Жасыратыны жоқ, мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналары жиі бетпе-бет кездесіп, бас қатыратын өзекті мәселенің бірі – болашақ мамандықтарын таңдау. Өкінішке орай, кәсіби бағдар беруде жүйеліліктің болмауының салдарынан біз әлі күнге дейін еңбек нарығының сұранысын зерделеу, мамандарды оның талабына сай даярлау ісінде ақсап келеміз. Осы мәселелерді ескере отырып, бүгінде жастарға мектеп қабырғасынан бастап кәсіптік бағдар беру қолға алынып жатыр. Яғни мектепте жоғары сынып оқушыларына еңбек нарығының заманауи талаптары, сұраныстары, перспективалары туралы ақпарат бере отырып, олардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауы үшін кәсіпорындардың, колледждердің, университеттердің қатысуымен бейіндік сыныптар ашылады, кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі. Биылдың өзінде 1000 мектепте бейіндік сынып ашылады деп жоспарланып отыр.
Оған қоса, еліміздің өңірлерінде әр аймақтың экономикалық ерекшеліктері ескерілген “Жаңа кәсіптер атласы” дайындалып жатыр. Бұл кәсіптік бағдар беру жүйесіне серпін беретін жаңашылдық. Кәсіптер атласында сол өңірдегі кадрларға қажеттілік көрсетіледі және колледждерде жұмысшы мамандарды даярлауда ол негізгі бағдар беретін темірқазыққа айналады.
BAQ.KZ: Мемлекеттік колледждер бүгінде бюджет есебінен қаржыландырылып жатыр. Алайда, оларға қаржылық дербестік беру туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді, бұл бойынша қандай шешу жолдары ұсынылуда?
Еділ Оспан: Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары көптен күткен тағы бір қуанышты жаңалықты бөліссем деймін. Биылдың қыркүйегінен бастап, жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге көбейеді. Қазір бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңге болса, енді ол орташа есеппен 912 мың теңгені құрайды.
Одан бөлек мемлекет колледждерді қаржыландырудың негізгі және ынталандырушы бөліктерден тұратын жаңа нормативін қабылдады. Ынталандыру төлемдері тек нақты көрсеткіштерге жеткен колледждерді көтермелеу мақсатында беріледі. Бұл әрине колледждер арасындағы бәсекелестікті және ең бастысы, сапаны арттырады.
Сондай-ақ оларды қаржыландыру көздерін әртараптандыру, оның ішінде колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысынан бөлек, жұмыс берушілер тарапынан кадрлар даярлауға мақсатты тапсырыстар орналастыру, өз тауарын шығару, қызмет көрсету есебінен табыс табу мүмкіндігін беру қарастырылып жатыр. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
BAQ.KZ: ТжКБ жүйесінде шефтік қамқорлық бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Бұл бастама қаншалықты нәтижелі болды және ол әлі де жалғасын табады ма?
Еділ Оспан: Кәсіпорындардың колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесінің негізінде бүгінде 410 колледжге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетуде. Бұл кадр даярлаудың мақсатты әрі сапалы жүргізілуін қамтамасыз ететін маңызды шара. Алдағы уақытта олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бизнес-құрылымдар мен инвесторларды тарту - өз кезегінде дуальды оқыту жүйесін дамытуға және кәсіпорындардың тапсырысы негізінде экономика үшін қажетті мамандарды мақсатты даярлауды қамтамасыз етуге, колледждердің материалды-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Биыл колледждер жұмыс берушілермен бірге 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді деп жоспарланып отыр, сондай-ақ 1,5 мың педагог өндіріс базасында тағылымдамадан өтеді.
Нәтижесінде бизнеспен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, колледждер нақты экономика салалары үшін жұмысшы маман даярлаудың негізгі буынына айналады. Себебі, жұмысшы мамандықтар ел экономикасының дамуының негізі.
BAQ.KZ: Бүгінде жасыратыны жоқ, жастардың басым бөлігі жоғары білімді кеңсе маманы немесе кәсіпкер болсам дейді. Жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыру, оны қолжетімді ету бағытында қандай шаралар қабылдануда?
Еділ Оспан: Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі төмен болып келгенімен келісемін. Алайда, жыл сайын техникалық және кәсіптік білім алуға ұмтылушы жастардың қатары артып келе жатқанын да атап өткім келеді. Себебі, отандық еңбек нарығында оған сұраныс бар. Мәселен, биылғы оқу жылында колледждерге жаңадан 177 мың студент қабылданды. Оның үстіне мемлекет жыл сайын білім беру тапсырысының көлемін ұлғайтып келеді. Биылғы оқу жылында колледждерде 143 мың мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Өткен оқу жылында білім беру тапсырысының көлемі 133 мың болатын. Алдағы оқу жылында бұл көрсеткіш әлі де арттырылады. Яғни, жұмысшы мамандығын алуға ниет білдіруші жастардың колледждерде қолжетімді білім алуына барлық жағдай жасалып жатыр.
Осы жерде айта кеткім келеді, биылғы оқу жылында колледжде мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушылардың шәкіртақысы 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті.
ТжКБ жүйесін трансформациялаудың тағы бір бағыты - еліміздің 10 колледжін интернационализациялау. Қазақстандық колледждердің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында әлемдік үздік менеджмент тәжірибесін енгізу көзделуде. Оның аясында педагогтеріміз шетелдік колледждермен тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейін арттырады, ал студенттеріміз академиялық ұтқырлық тәртібімен отандық және шетелдік үздік оқу орындарында білімдерін жетілдіреді.
Биыл біз халықаралық деңгейде де бірқатар іс-шаралар өткіземіз. Оның ішінде түркітілдес мемлекеттердің арасында алғашқы “TurkісSkills” чемпионаты өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Ең үлкен жаңалықтардың бірі – Астанада Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Бұл орталық кәсіби дағдыларды жетілдіру, жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу және өндіріске енгізудің маңызды алаңы болмақ. Сонымен қатар аталған орталықта педагогтерге арналған курстар мен чемпионаттар өткізу жоспарланып отыр.
Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек білім беру саласында ғана емес, еліміздің экономикасын дамытуға да үлес қосатын маңызды кезең болмақ.
Мемлекет басшысының бастамасы жұмысшы мамандықтарының рөлін, әлеуметтік мәртебесін көтеруге, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған. Бұл жалпыхалықтық шаралар қоғамда “Еңбек адамы” идеясын ілгерілетудің алғышарттарына айналатынына сенімдімін. Ең бастысы, ол үшін мемлекет, бизнес және қоғам күш біріктіріп, ынтымақтастықта жұмыс жасауы тиіс.
BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!