Түркістанда 43 экологиялық қылмыс анықталды
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері алты ай ішінде оңтүстік өңірде 43 экологиялық қылмыс, 737 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 6 722 282 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып облыс аумағында экологиялық қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірқатар мақсатты іс-шара ұйымдастырып, жүзеге асырды. Оның ішінде "Браконьер", "Нерест" ЖПІШ және "Қызғалдақ", "Жер қойнауы" алдын алу іс-шаралары болып өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысында 18 табиғат қорғау полиция инспекторы бар. Олардың бәрі де жергілікті тұрғындар арасында табиғат қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олардың мақсаты мен міндеті – табиғатты уәкілетті органдармен бірлесіп қорғау, браконьерліктің жолын кесу, экологиялық қылмыстың алдын алу, қоршаған ортаның бүлінбей, аман сақталуына үлесін қосу.
Өткен жылы экологиялық қылмыс саны осы уақытпен салыстырғанда 70 болған екен. Биыл Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Нұрлан Тұмабаевтың айтуынша, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 30 дерегі тіркелген.
Жалпы, есепті мерзімде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 30 дерегі тіркелді. Алайда, келтірілген залал аса үлкен болмауына байланысты 22 дерек қысқарып, 8-і өндіріске жолданды. Ал қысқартылған 22 қылмыстық іс бойынша жинақталған құжаттар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Экология департаментіне жолданды. Құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 43 техника, атап айтқанда, 7 экскаватор, 11 погрузщик және 25 жүк тасу көлігі заңды шешім қабылданғанша, уақытша айыптұраққа жеткізілді, - деді полиция майоры Нұрлан Тұмабаев.
Естеріңізде болса, соңғы жылдары браконьерлердің қолынан қаза тапқан 2 табиғат қорықшысы мен одан басқа да келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. Осыған орай биылдан бастап елімізде аңшылық пен балық аулау жай тәртіп бұзу емес, орта деңгейдегі қылмыс санатына енгізіліп, заң күшейтілді.
Жалпы Түркістан облысында табиғи өсімдіктерді, жануарлар дүниесін сақтап қалу үшін ерекше қорғалатын 8 табиғи аумақ бар. Атап айтқанда, 2 – Ақсу-Жабағылы және Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, 2 – Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, одан бөлек 5 табиғи қаумал (Природный заказник) ұйымдастырылған. Облыстағы аңшылар қоғамына 9600 аңшы тіркелген.
Бұдан бөлек, облыста республикалық маңыздағы балық шаруашылығы орналасқан 2 су айдыны бар. Біріншісі - Шардара су қоймасы, екіншісі - Сырдария өзені. Сонымен қатар, 20 жергілікті маңызы бар су айдынындағы балық шаруашылығы жұмыс істейді. Түркістан облысы аумағында мекендейтін сүтқоректілер ішінде 14 түрі, құстардың 23 түрі Қызыл кітапқа енгізілген.
Осы аталған табиғи байлықтарды браконьерлерге қолды етпеу мақсатында Полиция департаментінің табиғат қорғау инспекторлары облыс аумағында көптеген рейдтік іс-шара жүргізді. Құрылған жедел топ облыстың заңсыз аң, балық аулау және кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері жиі болып жататын Арыс, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара аудандарына іссапарға шықты. Рейд барысында табиғатты қорғау заңнамаларын бұзған бірқатар құқық бұзушылық анықталды.
18 маусым күні Түркістан облысы ПД ЖПҚБ-ның Табиғат қорғау полиция инспекторлары, Арыс АПБ-нің табиғат қорғау инспекторы және облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері Арыс ауданы Ақдала ауылдық әкімшілігінің аумағындағы Көксарай су реттегішінен қолдануға тыйым салынған қытай ау-торларын пайдаланып, үрмелі қайықтармен заңсыз балық аулап жүрген Ордабасы ауданының 4 тұрғыны және Шымкент қаласының 2 тұрғынын ұстады. Олардан айғақты зат ретінде 6 дана үрмелі қайық, 2 дана қайық қозғалтқышы (мотор), синтетикалық моноталшықтан жасалған полимед 3 бума ау-торы және заңсыз ауланған 636,7 кг сазан және 166 кг мөңке, жалпы салмағы 802,7 килограмм балық алынып, айғақты заттар табылды. Олардың табиғатқа келтірген залалы 2 484 726,54 теңгені құрап, мемлекет пайдасына толық өндірілді, - деді Нұрлан Жамалұлы.
Бұдан бөлек, инспекторлар жарты жыл ішінде оңтүстік өңірінде балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз аулау және пайдалану бойынша 23 қылмысты анықтады. 373 әкімшілік құқық бұзушылық пен заңсыз аң аулау бойынша 3 қылмыс, аң аулау ережесін бұзған 221 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, рейдтік іс-шара жүргізу барысында балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 5 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, құқық бұзушыларға 83 340 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ал сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктерге қатысты 9 қылмыс анықталған. Оның ішінде, 2020 жылғы сәуір айында Бәйдібек ауданы аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген "Грейга" қызғалдағын заңсыз жұлудың 7 дерегі анықталып, сотқа жолданған.
Құқық бұзушылық құралы ретінде ІІО-да тіркелмеген 12 аңшы мылтығы, 17 электроқармақ, 27 жүзу құралы және 71 әртүрлі құқық бұзушылық құралы, оның ішінде 2 дана қайық моторы, 2 дана мотоцикл, 12800 м астам қытайлық ау-тор және заңсыз ауланған 2911 кг балық тәркіленді. Жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 5 дерегі анықталды.
Қазіргі таңда, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзудың алдын алу, анықтау, жолын кесуге бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.21 маусымда Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылдық әкімшілігі Махамбет елді мекені тұсынан ағып өтетін Келес өзені бойынан мемлекеттік белгісі жоқ, жер қазу техникасымен құм-тас қоспасын заңсыз қазып, оны жүк көлігіне артып жатқан белгісіз тұлғалар анықталып, тоқтатылды. Оқиға орнына шолу жүргізіліп, бейне және фотокамераға түсіріліп, жүк арту көлігінің және жүк тасу көлігінің жүргізушілерінен түсініктемелер алынды. Жалпы, анықталған 5 дерек бойынша құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 2 дана жер қазу техникасы және үстіне заңсыз қазылған құм-тас қоспасы артылған 4 жүк тасу көлігі айыптұраққа жабылды. Қазығұрт ауданы Қызылқия елді мекені тұсында Келес өзені бойында 1 дана және Мақтаарал ауданы Азаттық елді мекені аумағында 1 дана, жалпы екі дана шынжыр табанды экскаватор алып кету мүмкін болмағандықтан, оқиға орнында қалдырылды. Бұл деректер негізінде ҚР ҚК-нің 334-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік мәселесін шешу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда, - деді полиция майоры Нұрлан Жамалұлы.