24 Тамыз 2026, 02:33 Фото: depositphotos.com

+42°C-қа дейін ыстық: Синоптиктер ескерту жасады

Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

«Қазгидромет» бүгін, 24 тамызда Қазақстанның барлық өңіріне дауылды ескерту жариялады. Бірқатар облыста қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтілсе, батыс өңірлерде ауа температурасы +42°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Астана мен Ақмола облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанады. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.

Алматыда күннің екінші жартысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Іле Алатауы тауларында кешке қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал. Жел екпіні 18-23 м/с-қа дейін күшейеді. Осындай ауа райы Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында да болжанып отыр.

Қарағанды, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының жекелеген аудандарында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жаңбыр, найзағай мен тұман болжанады. Ұлытау облысында күндіз бұршақ жаууы ықтимал.

Түркістан облысында таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай, солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Жамбыл облысында жаңбыр мен найзағай болып, жел екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Ал батыс өңірлерде аптап ыстық сақталады. Маңғыстау облысында ауа температурасы +38...+42°C, Атырау облысында +35...+39°C, Батыс Қазақстан облысында +35...+38°C-қа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында да төтенше өрт қаупі туралы ескерту жарияланған.