42500 теңгені Telegram-бот арқылы алудың жолы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Төтенше жағдайлар кезеңінде табысынан айырылуына байланысты азаматтардың Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алуға өтініш беру рәсімін жеңілдету үшін арнайы Telegram – ботты іске қосады.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
EGov-ке (Электрондық үкімет порталы) кіру үшін компьютеры жоқ адамдар бар. Біз Telegram-ботындағы жұмыстарды аяқтап және таңертеңнен бастап ұялы телефон арқылы да өтініш беруді ұсынамыз. Ол үшін қосымшаны жүктеп алу қажет, өз деректеріңізді – ТАӘ, ЖСН және банктік шотыңыздың нөмірін енгізіп, "42 500 теңге төлем" қызметті таңдап, SMS-хабарлама арқылы пароль алу және бекіту қажет. Яғни, біз осылайша бәрін жеңілдетеміз, – деді Біржан Нұрымбетов.
Еңбекминінің басшысы азаматтардан әлеуметтік төлемдер алуға өтініш берген кезде деректерді жауапкершілікпен толтыруды сұрады.
Ең бірінші, Сізден мәліметтеріңізді дұрыс толтыруды сұраймыз. Бар болғаны үш баған: аты-жөні, ЖСН және карта шоты. Дос, таныс емес, өзіңіздің жеке шотыңызды көрсету керек! Өйткені әлеуметтік төлемді тағайындауда сіздің тегіңіз карточка иесімен салыстырылатын болады, – деп атап өтті министр.
Telegram бот арқылы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алуға өтініш жасау үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:
1-қадам: Өтініш беруші Telegram-ға кіріп, "EgovKzBot2.0" іздеп табу керек;
2-қадам: "Төтенше жағдай кезінде 42 500 төлеу" қызметін таңдайды;
3-қадам: Өтінішті қалыптастыру үшін қажетті деректерді толтырады, өз деректерін көрсетеді. Деректерді жібереді.
4-қадам: Өтініш "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесіне келіп түседі, 1 күн ішінде деректер тексеруден өтеді (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің өтініштері тексеруден өтпейді);
5-қадам: Ақпарат "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-қа өтінішті өңдеу үшін "Е-Макет" ақпараттық жүйесіне 1 күн ішінде түседі;
6-қадам: "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жәрдемақы тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға өтініш жібереді;
7-қадам: Telegram-ға әлеуметтік төлемнің тағайындалуы туралы жауап жіберіледі.
Төлемді жүзеге асыру ЕДБ-дағы төлем алушының шотына аудару арқылы жүргізілетін болады.
Telegram-бот ағымдағы жылғы 2 сәуірден бастап жұмыс істей бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері айына 42,5 мың теңгені құрайды (ең төменгі жалақы), ол келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:
- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);
- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі – БЖТ);
- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін адамдар;
- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.