42500 теңге. Өлгендердің атынан өтініш бергендер бар – министр

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында 42 500 теңгеге қатысты өтініштердің не үшін тексеріліп жатқанына қатысты пікір білдірді. 

Бұл арада кейбіреулер жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) дұрыс көрсетпей жатыр. Оны дұрыс көрсетпесе, ондай адам жоқ деген сөз.  Сол себепті қате бергендерді кері қайтаруға мәжбүрміз. Бізге түскен өтініштерде 60 мыңнан астам адамның ЖСН-і дұрыс көрсетілмеген. Сонымен қатар, есепшоттар да дұрыс  көрсетілмей жатыр. Өтініш өз атында, есепшот өзгенің атында немесе бұрын жабылып қалған банктердің есепшоттарын көрсеткендер бар. Осындай мәселесі барлардың саны 83 мыңнан астам,- деді министр.

Министр екінші жұмыс істеп жүрген, бұрын жұмыс істемеген зейнетақы, жәрдемақы алып жүрген, жалақылары керісінше артқан азаматтардың да 42 500 теңгеге өтініш беріп жатқаны анықталғанын айтты.
Тағы бір мәселе, екінші жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген азаматтардың да арасында өтініш беріп жатқандары бар. Төтенше жағдайға дейін жұмыс істемей зейнетақы, жәрдемақы алып жүргендер бар. Кейбір адамдардың керісінше, жалақылары артып жатқандары бар.  Жалпы осындай азаматтардан бізге 500 мыңнан астам өтініш келді. Сонымен қатар, ресми мекемеде қызмет етіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, салық төледік деп өтініш бергендер бар. Бірақ тексеріс кезінде олардың 12 ай ішінде бірде бір рет төлем жасамағаны анықталды. Мұндай азаматтардан бір миллионнан астам өтініш түскен,-деді Біржан Нұрымбетов.

Тағы бір өкініш білдіретін жайт, кейбір азаматтардың қайтыс болған адамдардың атынан да өтініш түсіріп жатқаны, дейді министр. Сондай-ақ, шетелге көшіп кеткен, азаматтығынан айырылған адамдардың атынан да 378 өтініш түскен.
Біз өтініштерді осы жайттарды ескерген соң, әрқайсысын тексеруге мәжбүрміз. 4 миллион 900 мың өтініштің барлығын ақпараттық жүйелер арқылы тексерудеміз. Уақыттың тығыздығына қарамастан, кеше бір күнде 901 мың адамға төлем тағайындалды,-деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы