Бүгiн 2026, 18:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

42 млрд теңге төлем: Қазақстандықтар бір айда қанша сақтандыру алғаны белгілі болды

Қазақстандықтарға 42 млрд теңге сақтандыру төлемі жасалды.

2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы сақтандыру ұйымдарының активтері 4 трлн теңгеге жетті. Бір ай ішінде көрсеткіш 1,4%-ға артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанда қанша сақтандыру компаниясы бар?

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша елдің сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 10 компания өмірді сақтандырумен айналысады.

Агенттік дерегіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айының қорытындысында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 1,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жеткен.

Сақтандыру компаниялары активтерінің негізгі бөлігін бағалы қағаздар құрайды – 71,7% немесе 2,8 трлн теңге. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердегі ақша қаражаты мен депозиттердің көлемі 322 млрд теңгені құрайды.

Сақтандыру компанияларының пайдасы

Қаңтар айында сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері 1,6%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім негізінен жасалған сақтандыру келісімшарттары бойынша сақтандыру резервтерінің ұлғаюымен байланысты.

Агенттік мәліметінше, сақтандыру ұйымдарының меншікті капиталы 0,8%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады.

Ал 2026 жылдың алғашқы айындағы сақтандыру нарығының таза пайдасы 10,1 млрд теңге болды.

Қазақстандықтар сақтандыруға қанша төлейді?

2026 жылдың қаңтарында шамамен 1,3 млн сақтандыру шарты жасалған.

Жалпы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 155,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,7%-ға артты.

Агенттік мәліметінше, сақтандыру сыйлықақыларының өсуіне негізінен ерікті жеке сақтандыру сегменті әсер еткен.

Сақтандыру компаниялары қанша төлем жасады?

Қаңтар айында сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 42 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,5%-ға көп.

Жалпы 155,6 мың сақтандыру төлемі жүзеге асырылған. Төлемдердің өсуі негізінен зейнетақы аннуитеттік сақтандыруы мен өмірді сақтандыру бойынша төлемдердің артуымен байланысты.