42 градуста баланы көтеріп, жаяу жүрген фельдшер көпшіліктің жүрегін елжіретті
Түркістан облысында аптап ыстықта баланы қолына алып, жолды жаяу жүріп өткен фельдшердің видеосы жұрттың жүрегін елжіретті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жедел жәрдем көлігі жете алмайтын аймақтың шындығы мен дәрігердің ерлігі қоғамда қызу пікір тудырды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Түркістан облысында қызмет ететін фельдшер 42 градустық аптап ыстықта баланы құшағына алып, жаяу жүріп бара жатқан сәті түсірілген.
Белгілі болғандай, бұл ауылға жедел жәрдем көлігі кіре алмайтындықтан туындаған мәжбүрлі қадам.
Бұл жұмыс емес, ерлік. Бірақ ең өкініштісі мұндай ерліктер бізде күнделікті қалыпты нәрсеге айналып бара жатыр, – дейді желі қолданушыларының бірі.
Фельдшердің бұл әрекеті бір жағынан кәсіби жауапкершіліктің, екінші жағынан елдегі олқылықтардың көрінісі.
Желі қолданушылары фельдшердің жанқиярлығына сүйсініп, алғыстарын айтуда.
Медицина қызметкері – қағаздағы ғана емес, шынайы өмірдегі батыр.
Бұл оқиға ел назарын тек фельдшердің ерлігіне ғана емес, сонымен қатар, жолсыздың жолы, ауылдың халі сияқты әлсіз тұстарына да аударып отыр.