42 500 теңге алғандарға енді несие берілмейді: Бұл қаншалықты рас?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов төтенше жағдай кезінде "42 500 теңге алғаннан кейін банктерден кредит ала алмай жүрміз" дегендерге жауап берді.

Көптеген қазақстандық екінші деңгейлі банктерден несие ала алмайтындығына шағымданады. Банк менеджерлері мұны 42 500 теңге көлемінде төлемдер алумен түсіндіреді. Төтенше жағдай кезінде Үкіметтің несиелер мен төлемдерді кешіктіру түріндегі көмегі қазақстандықтардың несиелік тарихына кері әсерін тигізе ме деген сауал ОКҚ-да өткен брифингте вице-министрге қойылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған нормативтік-құқықтық актіге сәйкес, 42 500 теңгенің төлемдері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленді және адамның кредиттік тарихын бұзуға негіз бола алмайды. Егер банк осы себеппен бас тартса, онда ол (азамат) уәкілетті органға шағымдануға құқылы, - дейді Берік Шолпанқұлов.

Айта кетейік, төтенше жағдайға байланысты наурыз айынан бастап Президенттің жарлығымен жұмыссыз қалған азаматтарға 42 500 теңгеден берілген еді. 

Ал жақында әлеуметтік желіде "42 500 теңге үшін несие ала алмай жүрміз" дегендер жазба қалдырған болатын.

Бұған дейін вице-министр коронавируспен күресуге 192 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы