42 500 теңге: 4,4 миллионнан астам әлеуметтік төлем тағайындалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 4 мамырдағы жағдай бойынша төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) кезінде кірістен айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) 4 млн 452 мың әлеуметтік төлем тағайындалды.
Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 733,8 мың, екінші айда – 718,3 мың. 4 мамырдағы жағдай бойынша "42 500 теңге" төлемге 8 млн 29 мың адам өтініш берді, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Бірегей өтініштердің ең көп саны келесі өңірлерде:
- Алматы облысы – 1 млн 46 мың;
- Түркістан облысы – 1 млн;
- Алматы қ. – 897 мың;
- Нұр-Сұлтан қ. – 594,9 мың;
- Шымкент қ. – 534,7 мың.
Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған:
- Алматы облысы – 646,1 мың;
- Түркістан облысы – 528,6 мың;
- Алматы қ. – 427 мың.
Келіп түскен 3 млн 433 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.
Бас тартудың негізгі себептері мынадай:
- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және Telegram-бот арқылы беруге болады.
Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.
Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz, 42500@gfss.kz электрондық мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.
МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
– жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– ҚР Салық кодексінің 774 бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.
1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.