42 500 теңгенің жіберілгенін қалай тескеруге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді egov.kz және 42500.enbek.kz-тегі мәртебеде (статуста) ақша жіберілгенін және қандай банкке жіберілгенін көруге болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мақұлдағаннан кейін шоттарға ақша жіберілгендігі туралы сұрақтар көптеп келіп түсуде. Нақты ЖСН-і бойынша тексеруді жиі сұрауда. Сондықтан, әрбір адам өзіне ақша жіберілгенін және қайда жібергенін білу үшін, біз цифрлық командамызбен соңғы күндер ішінде бірқатар интеграция мен техникалық жұмыстарды жүргіздік, - деп жазды ол.

Оның айтуынша, енді egov.kz және 42500.enbek.kz-тегі мәртебеде (статуста) ақша жіберілгенін және қандай банкке жіберілгенін көруге болады.
Егер өтінім мақұлданса және ақша жіберілсе, мәртебесі 5 қадамды жасыл түспен көрсетеді, ал төменгі жағында 42500 теңге қандай банкке жіберілгені жазылады. Бұл жағдайда, егер картада түсімдер жоқ болса, банкке хабарласуыңызға болады. Егер өтінім мақұлданған болса, бірақ шот нөмірінде қате болса, мәртебеде 5 қадамды сары түспен көрсетеді. Төменде дұрыс шот нөмірін алу үшін не істеу керек туралы ақпарат көрсетіледі. Мұндай қателіктердің бір бөлігін біз өзіміз анықтаймыз, бірақ бір бөлігін көре алмаймыз және банктер ақшаны қайтарады. Сонда біздің базамыз арқылы немесе СМС арқылы басқа шоттарды іздеуге тура келеді, - деп жазды Мұқышев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы