42 500 теңге. Министр халықтан кешірім сұрады

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов онлайн брифинг барысында төлемнің неге кешігіп жатқаны жайында айтты.

Бүгінде 42500 теңгеге қатысты 3  миллион 703 мың адам өтініш берді. Өтініш саны 4 миллион 900 мың. Оның ішінде 1 миллион 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Есепшоттарына 75 миллиард 600 миллион теңге аударылды. Халық тарапынан ең жиі қойылып жатқан сауалдардың бірі – мен ала аламын ба. Бұл жерде тәртіп мынадай. Бұл әлеуметтік төлем ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, төтенше жағдайдың салдарынан табыстарынан айырылған азаматтарға қарастырылады. Егер төтенше жағдайға дейін жұмыс істемесеңіз, төлемді ала қоямын деген болмайды,-деді министр.

Министр 42 500 теңгені тағы кімдер ала алатынына тоқталды.

Сіз жалдамалы жұмыскерсіз, бірақ карантин кезінде сізді ақысыз демалысқа жіберді. Бұл жерде сізге өтінішті жұмыс беруші береді. Себебі, ол сізге төтенше жағдайға дейін әлеуметтік төлем төлеп келген. Сол себепті, сіз бұл жерде ештеңе төлемейсіз. Екінші, жеке тұлғалар, яғни, кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысып жүргендер, азаматтық-құқықтық сипатта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер, ешқандай ЖК ашпай төлем жасап жүргендер. Сіздердің жеке кәсіпкерліктеріңіз ресми, сондықтан сіздерге өтініш беруге болады. Біз мұнда азаматтың жасына, статусына, мүгедектігіне, зейнеткер екеніне қарамаймыз. Бастысы, 12 айда бір рет бірыңғай жиынтық төлемін жасаған болсаңыз жеткілікті,-деді ол.

Біржан Нұрымбетов төлемнің неге кешігіп жатқанына қатысты түсінік беріп, халықтан кешірім сұрады.

Тағы бір үлкен мәселе, төлемнің кешігіп жатқанына байланысты. Осы арада мен халықтан министр ретінде кешірім сұраймын. Біздің үлгермей жатқан жайымыз бар. Оның себебі, төлем жасауға үш күн деп белгіледік. Алайда, ол аздық етті. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме. Қазақстанда  бүкіл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы өтеді. Ал өтініштерді қабылдап жатқан біздің министрлік. Бұл мәселемен осы үш мекеме айналысып жатыр. Қызметкерлер күні-түні жұмыс істеуде,-деді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы