42 500 теңге: Кейбір азаматқа төлем неге жасалмады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Вице-министр ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің тиісті талаптарға сәйкес келмеу жағдайлары анықталғанын айтты. Осыған байланысты оларға әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартылды.
Төлемнің тағайындалмауы бірнеше мәселеге байланысты болды. Олар: зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы, төтенше жағдай кезінде зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың өсуі (сәуірде), жеке кәсіпкерлердің кірісті жоғалтқанын растамауы, бірнеше кірістің болуы, сондай-ақ, өтініште көрсетілген жұмыс беруші зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеушіге сәйкес келмеуі, - деді ол.

Ақмәди Сарбасов өтініш берушілердің мәртебесі бойынша да төлемдер тағайындалмаған айтты.
Оған себеп жұмыссыздық мәртебесінің болуы, қайтыс болған адамдардың атынан жалған өтініш жолдау, шетелге шығып кеткен адамдардың атынан өтініштер, қамауда отырған адамдардың өтініштері, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың, квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және басқа кәсіпорындардың қызметкерлерінің өтініштері, белсенді зейнетақы және жәрдемақы алушылардың өтініштері. Тағы да назарларыңызды аударғым келеді, Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты, 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды. Сонымен бірге, "42 500 теңге" төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштеріне байланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай төлемдерді тағайындаудың іс-қимыл сызбасын әзірледі. Бұдан бұрын бас тарту туралы шешім қабылданған "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындау өтініштерін қайта қарау үшін, аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек, - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, карантин енгізілген өңірлерде ШОБ, ірі кәсіпкерлік, коммерциялық емес заңды тұлғалар жұмысшыларының атынан өтініш бере алады. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (оны тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі. Әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар өз аттарынан береді.
Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығының бары немесе жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне беріледі, ол "Өтініш берушінің электрондық іс макетін" қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық (қалалық) штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарымен аудандық (қалалық) штабтың жұмыс органы арқылы облыстық (қалалық) штабқа жүгінеді, содан кейін қайта қарау процедурасы қайталанады. Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында, өтініштер 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаралатын болады, - деді Сарбасов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы