42 500 теңге. Әлеуметтік төлемге әлеуметтік салық салына ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі төтенше жағдайдың орын алуына байланысты кірісін жоғалтқан азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңа әлеуметтік төлем тағайындалған.
Келіп жатқан сұрақтарға байланысты, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті осындай төлемдерден әлеуметтік салық неге салынбайтыны туралы түсіндірме берді. Салық кодексінің 482-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгiленбесе, еліміздің заңды тұлғалары әлеуметтiк салық төлеушiлер деп саналады – делінген хабарламада.
Сонымен қатар комитет Салық кодексінің 484-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мыналар:
1) жұмыскердің Салық кодексінің 322-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістері (оның ішінде жұмыс берушінің осы Салық кодекінің 644-бабы 1-тармағының 20), 23) және 24) тармақшаларында көрсетілген шығыстары) бойынша жұмыс беруші;
2) Салық кодексінің 220-бабының 7-тармағында көрсетілген шетелдік персоналдың кірістері бойынша салық агентінің шығыстары Салық кодексінің 482-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген төлеушілер үшін салық салу объектісі қатарына кіреді.
Демек, қызметкердің табыстары (еңбекақы) бойынша жұмыс берушінің шығыстары әлеуметтік салық салу объектісі болады деген сөз.
Төтенше жағдай кезеңінде МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік салық салу объектісі болып танылмайды, тиісінше, оларға әлеуметтік салық салынбайды.