Еңбек биржасындағы бос орындар жалақысы қандай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде еңбекке жарамды халық саны қанша? Олардың қаншасы жұмыспен қамтылған және қамтылмаған? Сонымен қатар халықты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдармалар туралы. Бағдарлама аясында жұмысқа орналасқандардың орташа айлық жалақысы қанша?
Осы сұрақтарға толық мәлімет алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне халықтың жұмыспен қамтылу мәселесіне қатысты редакциямыз сауал жолдаған болатын.
Елімізде ҚР Еңбек Кодексінің 31-бабына сәйкес 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
Еңбекке жарамды/жарамсыздар саны
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитеттің деректеріне сәйкес 2020 жылғы 2 тоқсанның қорытындысы бойынша 15 жас және одан үлкен жұмыс күшінің саны 9,2 млн адамды құрады.
Республиканың экономикасында 8,7 млн адам жұмыспен қамтылған, ал 454 мың адам жұмыссыз. Жұмыссыздық деңгейі аталған кезеңге – 5%-ды құрайды.
Халықты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар
Еңбек нарығын дамыту және халықтың тұрмыс деңгейін көтеру бойынша қосымша шаралар қабылдау үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін бағдарлама шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шаралары:
1) Бағдарламаға қатысушыларына техникалық және кәсіптік білім беру және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту;
2) жаппай кәсіпкерлікті дамыту;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту;
4) «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы бойынша кешенді іс-шараларды іске асыру.
Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді алудың тиімді жүйесін құруға бағытталған.
Халықты қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылады. 6 айға дейінгі мерзімге ұйымдастырылады.
Сондай-ақ егер жұмыс іздеушілер қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда, кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін не мамандығын, қызмет түрін өзгерту қажет болғанда халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқытудан өтуге құқы бар, - деп хабарлады министрлік.
Бағдарламаның екінші бағыты «Бастау-Бизнес» «Атамекен» ҰКП жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту және микрокредиттеу арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ өтеусіз негізде 200 АЕК-ке дейінгі көлемде мемлекеттік гранттар ұсыну түрінде жаңа бизнес-идеяларды дамытуға бағытталған құрал іске асырылуда, - деді министрлік өз жауабында.
Бағдарламаның үшінші бағыты жұмыс күшінің ұтқырлығын ынталандыруды және жұмысқа орналасуды қолдауды көздейді.
Қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, олар көшуге материалдық көмек беруді, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуді, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханалардан бөлмелер беруді, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді, қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберуді, жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды, - делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде арнайы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылады.
Бағдарламаның төртінші бағыты «Жастар – ел тірегі» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу, оқыту сапасын арттыру және жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» екі бағыты бойынша жұмыстар атқарылады.
«Жас маман» жобасы еліміздің барлық өңірлерінің 200 модернизацияланған білім беру мекемелерінің (20 озық университеттер және 180 озық колледж) базасында 100-ден аса сұранысқа ие өндірістік және сервистік мамандықтар бойынша мамандарды даярлауды қарастырады. «Жас кәсіпкер» жобасы республика бойынша жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені болып табылады, оның шеңберінде кәсіпкерлік дағдыларына оқыту, коучинг, психологиялық қолдау көрсету және стартап жобаларын жүзеге асыруға жәрдем көрсету бойынша шаралар қарастырылған, - деді бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов.
Бағдарлама аясында қанша адам жұмыспен қамтылды?
Бағдарламаның бағыттары бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен осы жылы 430 мың адам қамтылды, оның 289,8 мыңы немесе 67,4% жұмысқа орналастырылды.
2020 жылы бағдарламаның шеңберінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 600 мыңнан аса адамды қамту жоспарлануда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы»
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес халықты жұмыспен қамту жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы №55-өкімімен Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бекітілді, - деді бірінші вице-министр.
Жол картасының негізгі мақсаттары:
1. жұмыспен қамтамсыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;
2. қосымша жұмыс орындарын құру және табыс табуын қамтамасыз ету;
3. елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту есебінен қолайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау.
Аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін Жол картасында мыналарды жүзеге асыру көзделеді:
- әлеуметтік-мәдениет объектілерін – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу (сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі);
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері).
- инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);
- елді мекендерді абаттандыру (аулаларды аббаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңқайларын жайластыру).
Қазіргі уақытта инфрақұрылымдық жобалар тізімін қалыптастыру шеңберінде республика бойынша барлығы 6,5 мың жобаға өтінім берілді. Жол картасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде 255 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құру көзделеді. Қазіргі таңда Жол картасы аясында 179 мың адам жұмыспен қамтылған, - деді Ақмәди Сарбасов.
«Еңбек» бағдарламасы. Орташа айлық жалақы қанша?
Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 289,8 мың адам жұмысқа орналастырылса, олардың 51%-ға немесе 147 мыңға жуығы жұмыс берушілердің ұсынған бос лауазымдарына тұрақты жұмысқа орналастырылды. Атап айтсақ, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау салаларына.
Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің орналастырған бос орындары бойынша жалақы көлемі 42 500 теңгеден 450 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ал, Республика бойынша жалдамалы қызметкерлердің орташа жалақы мөлшері 170 мыңды құрайды. Сонымен бірге «Еңбек» бағдарламасы аясында 160 мыңға жуық адам орташа жалақысы шамамен 75 мың болатын субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Олар әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, - деді Ақмәди Сарбасов.
Ал Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларға 179 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардың орташа жалақысы 90 мың теңгені құрайтынын айтты.
Ең төменгі және ең жоғарғы жалақыны кімдер алады?
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми интернет-ресурсында жарияланған соңғы мәліметтерге сәйкес 2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 206 098 теңгені құрады. Ал осы аралықта экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа айлық жалақының ең жоғарғы көрсеткіші қаржы және сақтандыру қызметі саласында байқалды. Оның көлемі - 379 773 теңге, ең төменгі көрсеткіш ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында - 116 960 теңге.