Кеше 2026, 23:48 Фото: unsplash.com

41 градусқа дейін ыстық: синоптиктер қазақстандықтарға ескерту жасады

Елдің әр аймағында қатты ыстық, шаңды дауыл, найзағайлы жаңбыр, бұршақ және екпінді жел күтіледі

"Қазгидромет" мамандары 31 мамыр күні Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райының күрт өзгеретіні туралы дауылды ескерту жариялады. Елдің әр аймағында қатты ыстық, шаңды дауыл, найзағайлы жаңбыр, бұршақ және екпінді жел күтіледі.

Абай облысының оңтүстігінде шаңды дауыл соғып, ауа температурасы +36 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар өңірдің батысында, оңтүстігінде және орталығында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталып отыр.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің жылдамдығы секундына 15–28 метрге дейін жетуі мүмкін. Синоптиктер мұндай жағдайда тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді ұсынады.

Алматы облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен орталығында ауа температурасы +38 градусқа дейін көтерілмек. Алматы қаласының таулы бөліктерінде де жаңбыр мен найзағай болуы ықтимал.

Жамбыл, Жетісу және Павлодар облыстарында да аптап ыстық сақталады. Кей өңірлерде күндізгі температура +35–38 градусқа дейін жетеді. Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласында ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі.

Қызылорда облысында түнде жаңбыр мен найзағай болжанса, күндіз өңірдің солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Түркістан облысының солтүстігінде де шаңды дауыл болуы мүмкін. Бұл өңірде ауа температурасы +41 градусқа дейін жетеді.

Маңғыстау облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтілсе, Ақтау қаласында түнде жауын-шашын болуы ықтимал. Ақтөбе облысының кей аудандарында тұман түсіп, жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.

Синоптиктердің мәліметінше, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда, Түркістан және басқа да бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға, алыс жолға шыққанда ауа райы болжамын алдын ала тексеруге шақырады.