Бүгiн 2026, 19:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

400 мыңға жуық қазақстандық зиянды жағдайларда жұмыс істейді

Статистикалық деректерге сәйкес, тексерілген кәсіпорындардағы қызметкерлердің жалпы санынан 22,2%-ы зиянды және қолайсыз жұмыс жағдайларында еңбек еткені анықталды

Былтыр зиянды және өзге де қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істеген қызметкерлер саны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылы зиянды және өзге де қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істеген қызметкерлердің нақты саны 396,5 мың адамды құрады. Бұл зерттелген кәсіпорындардағы барлық қызметкерлердің (1,7 млн-нан) – 22,2%. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін әйелдердің нақты саны 80,4 мың адам болды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің ең көп саны өнеркәсіп саласында тіркелді – 272,7 мың адам. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 115 мың адам, тау-кен өндіру және карьерлерді игеру саласында 114,7 мың адам жұмыс істейді, - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, қай өңірде зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың көрсеткіші көп екені анықталды. 

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары көрсеткіші Қарағанды облысында – 56,3 мың адам, Маңғыстау облысында – 37,2 мың адам, Павлодар облысында – 49,2 мың адам, Шығыс Қазақстан облысында – 25,1 мың адам және Алматы қаласында – 24,5 мың адам тіркелді. Ең төмен көрсеткіш Алматы облысында – 4,1 мың адам. 2025 жылы меншік нысанына қарамастан кәсіпорындардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жұмсаған шығындары 558,1 млрд теңгені құрады, - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін зиянды жұмыста істегендерге ақша төленетіні, 21 мыңнан астам адамға әлеуметтік төлем берілгені хабарланды.