400 мың тонна жанар-жағармай нарықтық бағадан төмен сатылды – Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. 

Айтуынша, биыл көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы өткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. 

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландыру 2 есеге ұлғайтылды және форвардтық сатып алуға 80 млрд теңге бөлінді. Нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна жанар-жағар май жеңілдікпен бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету бойынша минералды тыңайтқыштардың отандық өндірушілерімен келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ, тұқымдармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді және жемдік астық қорын қалыптастыру үшін қосымша қаражат бөлінді, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол бүгінгі күні 6 азық-түлік бойынша импортқа жоғары тәуелділік бар екендігін айтты.

Ішкі нарықты толықтыру үшін биыл 295 млрд тенгеге 237 инвестициялық жоба іске асырылады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдау тәсілдерін өнімділікті арттыруға бағыттап, қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыстың аясында субсидиялау бағыттары қысқартылып, 2023 жылдан бастап олардың тиімсіз түрлері алып тасталады. Фермерлерге субсидияларды алу кезінде қарсы міндеттемелер жүктеледі. Жемқорлық деңгейін төмендету үшін 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды, - деді Әлихан Смайылов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы