400 миллиард долларлық экономика: Өсім халықтың тұрмысына қалай әсер етеді?
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық әлеуетін инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау міндетін қойды. Мемлекет басшысы келтірген Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтауы мүмкін. Ал инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр.
Экономикадағы өсім халықтың күнделікті өмірінен қалай көрінеді? Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсау қандай нәтиже береді? BAQ.KZ тілшісіне экономист Айбар Олжай Жолдауда көтерілген бастамаларға тоқталып, олардың экономикалық маңызын түсіндірді.
ЖІӨ өсімі – әл-ауқатты арттыру мүмкіндігі
Айбар Олжайдың пікірінше, жалпы ішкі өнімнің 400 миллиард долларға жетуі Қазақстан экономикасының жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Дегенмен бұл көрсеткішті халықтың тұрмыс деңгейімен тікелей теңестіруге болмайды. Экономиканың ауқымы мемлекеттің мүмкіндігін көрсетсе, сол мүмкіндікті азаматтардың игілігіне пайдалану - бөлек міндет.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өніміміз 400 миллиард долларға жетсе, бұл бұрын алдымызға қойған бірқатар мақсаттың орындалғанын көрсетеді. Экономикамызды жаңа деңгейге шығарады. Әрине, жалпы ішкі өнімнің абсолютті көлемі халықтың жағдайын тікелей көрсетпейді. Ол - экономиканың ішкі қуаты. Экономикасы мықты елдің халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндігі болады, - дейді Айбар Олжай.
Оның айтуынша, экономикалық әлеует пен қаржылық резервтер елдің әлеуметтік міндеттерді орындау мүмкіндігін кеңейтеді. Сондықтан ЖІӨ өсімін бағалағанда оның халықтың әл-ауқатына қандай жолмен әсер ететініне назар аудару қажет.
Құрылыс жобалары жергілікті бизнеске тапсырыс әкеледі
Экономикалық өсімнің халыққа жететін негізгі арналарының бірі - нақты жобалар. Құрылыс басталғанда мердігерлерге, материал жеткізушілерге және қызмет көрсететін кәсіпкерлерге сұраныс пайда болады. Айбар Олжай инфрақұрылымға салынған қаржының әсерін осы байланыс арқылы түсіндіреді.
Бұл өсім халықтың тұрмысына түрлі экономикалық жоба арқылы әсер етеді. Мысалы, құрылыс жобалары басталғанда жергілікті компанияларға, фирмаларға, жеке кәсіпкерлерге тапсырыстар түседі. Соның нәтижесінде ақша айналымы жанданып, экономикалық белсенділік пайда болады, - дейді ол.
Демек, инфрақұрылымды жаңғыртудың нәтижесі жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен ғана өлшенбейді. Жобаларға жергілікті кәсіпорындардың қатысуы, отандық тауарлар мен қызметтерге сұраныстың артуы да маңызды.
Ұлттық қор: қаражаттың қайтарымы қандай болады?
Жолдауда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді. Президент әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,5 триллион теңге қарастыруды тапсырды. Жалпы қаржыландыру 2029 жылдың соңына дейін жалғасады.
Айбар Олжай Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты оның алдағы түсімдерімен бірге қарастыру қажет деп есептейді. Оның бағалауынша, жоспарланған кірістер шығындардың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Мұның бәрі есептелген. Бөлінетін қаражаттан көбірек ақша қорға түседі деп жоспарланған. Сондықтан қор азайып қалмайды деп ойлаймын. Оның өсуі сәл баяулауы мүмкін. Бірақ бұдан алатын пайдамыз жоғары, өйткені экономикамыздың өсуіне мықты серпін беріп отырмыз,-дейді Айбар Олжай.
Бұл болжам қор түсімдерінің жоспарға сай қалыптасуына негізделген. Ал жұмсалған қаражаттың экономикалық қайтарымы жобалардың тиімділігіне, олардың өндіріс пен кәсіпкерлік белсенділікке ықпалына байланысты болмақ.
Қаржыландыру мен баға тұрақтылығы қатар ескерілуі керек
Ауқымды жобаларды жүзеге асыруда инфляция мәселесін де ескеру қажет. Айбар Олжай бөлінген қаражаттың ішкі тапсырыстарды көбейтіп, отандық өндірісті қолдауына мән береді. Оның пікірінше, бұл үдерісте Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты мен қаржының жұмсалуын бақылау маңызды.
Инфляцияға әсерін реттеу үшін стерилизация жұмысын жүргізу керек. Ұлттық банк бұл жұмысты жақсы атқарады деп ойлаймын. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың импортқа кетіп қалмауына мән беру қажет, - дейді ол.
Сарапшы импортқа бағытталатын шығындардың ықпалына да тоқталып, тепе-теңдік сақтаудың маңызын атап өтті.
Бақылау әлсіреп, қаражат импортқа кетіп қалса, бұл инфляцияға әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде тепе-теңдікті сақтау өте маңызды, - дейді Айбар Олжай.
Оның бұл пікірі қаржыландырудың көлемімен қатар, қаражаттың қайда бағытталатынын да назарда ұстау қажеттігін көрсетеді.
Жаңа Азаматтық кодекс қазіргі тәжірибеге сай болуы тиіс
Жолдауда экономикалық бастамалармен бірге құқықтық негізді жаңарту мәселесі де көтерілді. Президент жаңа Азаматтық кодекс әзірлеп, оны 2027 жылдың соңына дейін қабылдауды ұсынды.
Айбар Олжай бұл бастаманы орынды деп санайды. Оның айтуынша, бір құжатқа ұзақ уақыт бойы жекелеген өзгерістер енгізіле беруі оның ішкі тұтастығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазіргі құқықтық қатынастар мен қолдану тәжірибесін ескеретін жаңа құжат қажет.
Бір құжатқа жылдар бойы түзетулер енгізе бергеннен гөрі, оны жаңадан әзірлеген дұрыс. Қазіргі жағдайды, заңдық талаптарды және практикалық қолдану тәжірибесін ескеріп, жаңа Азаматтық кодекс жасап шығу анағұрлым орынды деп ойлаймын,-дейді ол.
Сонымен бірге жаңа кодекстің қабылдануы бұрынғы құжаттағы барлық нормадан бас тартуды білдірмейді. Айбар Олжай қолданыстағы құқықтық негіздердің қажетті тұстары сақталатынын атап өтті.
Әрине, бұрынғы құжаттың кейбір негіздері сақталады, оның бәрі бірден жойылып кетпейді. Бірақ қайта-қайта өзгерістер енгізілген құжаттан гөрі, жаңадан жүйелі құжат әзірлеген дұрыс. Осы жағынан Мемлекет басшысының тапсырмасы өте орынды,-деп түйіндеді Айбар Олжай.