400-ден астам жайлы мектеп салуды жоспарлап отырмыз - Көлгінов
Вице-премьер Алтай Көлгінов алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өздеріңіз білетіндей, оқу орнына деген қажеттілік бар әр аймақта, қалаларда және аудандарда жаңа форматтағы мектептер салудың маңызы зор. Елімізде 2023-2025 жылдар аралығында 400-ден астам жайлы мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады. Жаңа форматтағы мектептер 840 мыңнан астам оқушы орнына (екі ауысымды) арналады. 2023 жылы әкімдіктер Оқу-ағарту министрлігімен және ұлттық жобаның бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірлесіп, 467 мың 800 оқушы орнына арналған (2 ауысымды) 221 мектеп салу ісіне кірісуі қажет, - деді Алтай Көлгінов.
Оның сөзінше, ірі қалаларда ішкі көші-қонның едәуір үлесін, туу коэффициентін, халықтың тығыз орналасқанын ескеретін болсақ, мектептердің қуаты 2,5 мың оқушы орнына жетуі керек.
Мұндай ірі мектептер әдеттегі мектептермен салыстырғанда 2-3 есе көп оқушы орнын ашуға мүмкіндік жасайды. Жаңа форматтағы білім мекемелері апатты мектептердің, үш ауысымды және тығыздалған режимі бар оқу орындарының мәселелерін шешуге, сол сияқты білім беру сапасын арттыруға және білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, - деді вице-премьер.
Көлгінов Оқу-ағарту министрлігімен, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және басқа да жауапты органдармен бірлесе отырып, мынадай міндеттер қойғанын атап өтті:
- осы жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудың нақты мерзімдері көрсетілген жол картасын бекіту;
- басшы құрамнан жауапты тұлғаларды бекіту;
- оқу орындарының қажеттіліктерін ескере отырып, жер учаскелерін рәсімдеу жұмысын аяқтау;
- 2023 жылдың көктемінде жаңа форматтағы мектептердің құрылысын бастау.