40 жастан асқан әйелдер денсаулығына байланысты не ескеруі керек?
Елордалық дәрігер 40 жастан асқан әйелдерге скринингтік тексеруден өтуді кейінге қалдырмауды ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Санжар Шалекенов мәлімдеді.
Айтуынша, бүгінгі таңда сүт безі обыры әлем елдерінде де, Қазақстанда да өршіп тұр. Сондай-ақ дәрігер дертті анықтауда қандай тәсілдің тиімді екендігіне тоқталды.
Сүт безі обырын диагностикалаудағы ең тиімді әдіс – маммография. Ол үшін мемлекет те белсенді саясат жүргізіп отыр. Қырық жастан асқан әйелдер міндетті түрде скринингтен өтулері қажет. Оның барлығы тегін. Ауруды неғұрлым ерте анықтаған сайын емдеудің тиімділігі соғұрлым жоғары болатындығын ескерткім келеді, - деп атап өтті Санжар Шалекенов елордада өтіп жатқан «BREAST CANCER MEETING ASTANA» атты конференциядан соң берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол қандай жағдайда денсаулыққа аса мән беру керектігін ескертті.
Қолтық аймағында тығыз түйіндер пайда болып, ауырсынуларды байқасаңыз, бірден дәрігерге жүгінген жөн. Сонымен қатар әлсіздік, себепсіз салмақ жоғалту да алғашқы белгілерге жатады. Отбасындағы ең жақын адамдар: анасы, әжесі, әпкесі сүт безі обырымен ауырған болса, ол адам қауіп тобына жатады. Сол үшін скринингтен өтуді кейінге қалдырмай, жауапкершілік танытқан жөн, - деді дәрігер.
Еске сала кетейік, елордада сүт безі обырына арналған «BREAST CANCER MEETING ASTANA» атты конференция өтіп жатыр. тәжірибелі онкомаммолог, хирург, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері, химиотерапевт, сәулелік терапия мамандары, патоморфологтар қатысуда.