"40 секундта 9 рет пышақтаған": Алматыда қаза тапқан баланың туыстарының жанайқайы
12 жасар Абылайханның нағашы әпкесі қайғылы оқиға қалай болғанын, туыстары қандай талап қойып отырғанын айтты.
Алматыда 12 жастағы бала пышақ жарақатынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. BAQ.KZ тілшісі марқұмның туыстарымен байланысып, мән-жайды анықтады. Қаза болған бала Абылайханның нағашы әпкесі Гүлмираның сөзінше, оқиға жатақханада болған.
Абылайхан 10 маусым күні кешкі 19.15 шамасында әжесіне "далаға шығып келемін" деп хабарлап, сыртқа кеткен. Абылайхан 12 жаста. Оны өзінен бір жас үлкен балалар шақырған екен. Бәрі бір мектепте оқиды. Бұл біз тұратын жерден сәл ары орналасқан жатақханада болған жағдай. Бір бала шақырған, екінші бала үйінен пышақ алып шыққан. Пышақ алып шыққан бала мен Абылайхан арасында сөзбен келіспеушілік болған екен, - дейді ол.
Гүлмираның сөзінше, Абылайхан MMA файтері болған.
Ол заң бойынша сыртта жүргенде ешкімге жұдырық алып жүгіруге болмайтынын білетін. Қолында пышағы бар бала Абылайханға "сыртқа шығайық" деген. Олар екінші қабаттан түсіп келе жатқан кезде әлгі бала Абылайханның артынан пышақ тығып алған. Артынша 40 секундтың ішінде 9 жерінен пышақтаған. Сағат 19.45 шамасында сол жатақхананың коменданты Абылайханның әжесіне хабарласып, қайғылы оқиға болғанын жеткізді, - дейді Гүлмира.
Абылайхан жатақханада қан жоса болып жатқан. Оқиға орнына жедел жәрдем келген. Олар баланың ішегіне мақта тығып қойған. Алайда анасы барған сәтте Абылайхан жан тапсырған.
Абылайхан өте тәртіпті бала еді. Толық отбасында тәрбиеленген. Спортшы бала. 12 жастағы баламыздың 16 медалі бар. Спортшы болғандықтан оларды көшеде ешкіммен төбелесіп, жаға жыртысуға болмайды деп үйрететін, - дейді Гүлмира.
Оның сөзінше, марқұм баланы пышақтаған жігіттен бөлек, оқиға орнына Абылайханды шақырған баладан полицейлер жауап алып, босатып жіберген.
Абылайханды бір бала шақырып, екінші баланың үйіне ертіп барған. Екінші бала үйінен пышақпен шыққан. Абылайханды ертіп барған бала пышақты көріп, қашып кеткен. Ол қылмыстың сыбайласы емес пе? Қазір Абылайханды пышақтаған бала психиатриялық аурухананы жағалап жүр деп естідік. Бәлкім "есі дұрыс емес" деген құжат жасатайын деп жүрген шығар, - дейді Гүлмира.
Ол күдікті қамауда отырғанын не отырмағанынан бейхабар екендерін айтады.
Кеше күдіктінің он шақты туысы кешірім сұрап келді. Бір ініміз оларды "шығыңыздар, осындай жағдайда ешкімді кешіретін хәлде емеспіз" деп шығарып жіберді. Қолымызда оқиға орнындағы ешқандай видео жоқ. Бүгінге дейін бірде бір полицей келіп, хабар берген жоқ, - дейді Гүлмира.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қалалық Полиция департаменті қылмыс жасады деген күдікпен 13 жастағы жасөспірім ұсталғанын хабарлаған болатын. Тергеудің бастапқы деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал салдарынан болған.
Қазір күдікті арнайы мекемеге орналастырылды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі де қаралады.