40 нысан «Ashyq» қосымшасын пилоттық режимде қолдануда – Цой

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ashyq» 13 мыңнан астам бизнес субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты. 

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері бүкіл әлемдегі бизнестің жұмысына шектеу қойылды, кәсіпкерлердің табысы тұралап қалды. Бұл біздің елге де қатысты. 13 мыңнан астам бизнес субъектісі әлі күнге дейін өз қызметін қайта бастай алмай отыр. «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен бизнес-қауымдастық Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің (Гонконг, Сингапур, Малайзия. Басқа елдерде де аналогтары бар) тәжірибесін ескере отырып, «Ashyq» пилотын іске асыруды ұсынды. «Ashyq» мобильді қосымшасын «Атамекен»  ҰКП, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірледі.  Бүгінде пилоттық режимде «Ashyq» қосымшасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында қызмет көрсетуге рұқсат етілген объектілерде (фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар) іске қосылды. Қазір 40 объекті «Ashyq» пилотына ерікті түрде қатысуда, - деді Цой. 

«Ashyq» мобильді қосымшасы QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді: оның қазіргі уақытта вирустың тасымалдаушысы екенін, сондай-ақ объектілердің келушілерді қабылдауға әзірлігін және олардың санитариялық талаптарға сәйкестігін көрсетеді.

QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Келуші «Ashyq» мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялаудан өтуі (ЖСН енгізуі) және мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Түстерге бөлу әлеуметтік желілерде талқыланғандай, адамдардың өмірін «бақылауға» және «қадағалауға» арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегі пациентпен жақын байланысы бары-жоғын көрсетеді, - деді министр. 

Цойдың айтуынша, «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға бағытталған, сондай-ақ, бизнеске карантин кезінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа ауысқанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы