40 мың тонна. Еліміздегі дәрілік өсімдік Қытайға экспортталған
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның өсімдіктер дүниесі ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 1,5мыңға жуық түрі дәрілік өсімдіктер (оныңішінде 230 түрі ресми медицинада танылған), 390 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, 110түрі реликті өсімдіктер, сондай - ақ 700 эндемикалық өсімдік түрлері, - деді спикер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізде экспортталатын дәрілік өсімдіктердің 14 түрі бар – бұл мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары.
Кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары Қытай, Түркия және АҚШ елдері. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тонна мия тамыры экспортталды. Қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылады. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етеді, - деді Ерлан Құтпанбаев.