40 қазақстандық Минскіден елге оралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус індетінің таралуына байланысты біздің азаматтарымызды шетелден қайтару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде 2020 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Әскери-әуе күштерінің Әскери-көлік авиациясының атсалысуымен Беларусьтен Отанына Қазақстан азаматтары сәтті оралды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Беларусь Республикасының мемлекеттік органдарының бірлескен күш-жігерімен біздің 40 отандасымызды, оның ішінде кәмелет жасқа толмаған 6 баланы Қазақстанға қайтару жұмысы сәтті жүргізілді.

Жол бойы азаматтарымызбен әскери дәрігерлер еріп жүрді, азаматтарымыздың деңсаулықтары жақсы, олардың арасында коронавирус жұқтыру белгілері тіркелмеген. Дегенмен, еліміздегі талаптарға сәйкес, инфекциялық бақылау талаптарын сақтай отырып, оларды медициналық тексеру мен карантин күтуде.

Бұл іс-шара Беларусь аумағындағы ҚР азаматтарына күнделікті көмек көрсетуді жалғастырып жүрген Қазақстанның Минск қаласындағы Елшілігінің дипломаттары мен қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында жүзеге асырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы