4-сынып оқушысы бассейнге құлап кеткен сәбиді құтқарды

Қызылорда қаласында бассейнге құлап кеткен екі жастағы інісін құтқарып қалған 4-сынып оқушысы Айсұлтан Хұсайынға облыстық төтенше жағдайлар департаменті алғыс білдірді.

Айсұлтанның отбасы ағайындардың қатысуымен саяжайда ас береді. Сол жерде ересектерге арналған суға түсетін орында 2 жастағы Хантөре байқаусызда суға түсіп кетеді.

Оқиғаның барысы жөнінде Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев баяндап берді.

Ата-анасының бақылап отырғанына қарамастан 2 жастағы Хантөре абайсызда ересектерге арналған хауызға құлап кетті. Ол су түбіне кете бастаған кезде сол жерде тұрған 1-сынып оқушысы Жансұлтан айқайлап, үлкендерді көмекке шақырады. Сол сәтте Айсұлтан дереу суға секіріп, Хантөрені құтқарып қалды. Балаларға арналған үрлемелі баллонға салып жағаға алып шығып, сол жерге келген ата-анасының қолына табыстады. Уақтылы, дәл, сапалы көрсетілген көмектің арқасында кішкентай Хантөреге медициналық көмектің қажеті болмады, - дейді Х. Қоразбаев.

Айсұлтан – тоғыз жаста, егіздің сыңары, Ерсұлтан есімді бауыры бар. Олар – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің 4-сыныбында оқиды. Екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта «Евразия» спорт кешенінің жүзу секциясына, шахмат клубына барады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы