4 мыңнан астам науқас инсульттан кейін тегін оңалтудан өтті
Сақтандырылған азаматтар үшін медициналық оңалту тегін, себебі бұл ем түрі МӘМС пакетіне кіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысында аталмыш мақсаттарға 5,8 млрд теңге бөлінді және бұл соманың көп бөлігі медициналық ұйымдарға төленеді. Инсульт алған 4600-ден астам науқасқа денсаулығын оңалту үшін қажетті көмек көрсетілді.
Мысалы, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында жұмыс істейтін «Луч» нейрооңалту орталығы жыл басынан бері 600 науқасты қабылдады.
Оңалту курсы пациенттің жағдайына, инсульттан кейінгі өзгерістердің ауыртпалығына байланысты әрқайсысына дербес тағайындалады. Емнің құрамына жаттығу терапиясының нұсқаушысы, логопед және кәсіби терапевтпен сабақтар, массаж, гидрокинезотерапия, парафин терапиясы және басқа процедуралар кіруі мүмкін, – дейді «Луч» орталығының бас дәрігері Гүлнәр Мәлік.
Науқастардың бірі – Қарақұдық ауылының 61 жастағы тұрғыны Елена үш ай бұрын инсульт алған, дерттің салдарынан сөйлеу және қозғалыс функциялары бұзылған.
Оңалту орталығына мүгедектер арбасына таңылып келгенмін, ал ем алған соң өз аяғыммен шықтым. Маған уколдар, тамыр арқылы жіберілетін инъекциялар, массаждар, инемен емдеу және басқа процедуралар тағайындалды. Бұл емнің көмегін бірден сезіндім: алдымен сөйлеу қабілетім қалпына келді, содан кейін аяғым қалпына келе бастады. Бірінші курс 10 күнге созылды. Үйде сабақтарын жалғастырдым. Қазір екінші курстан өттім – жүре бастадым, қолым да қалпына келді. Дәрігерлерге еңбегі мен шыдамдылығы үшін өте ризамын, – дейді науқас.