4 млрд 80 млн теңге керек: Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін
Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, егер шұғыл түрде шаралар қабылданбаса, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.
Депутат 2005 жылы «Сырдария арнасын реттеу және Кіші Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынғанын еске салды. Бұл «Ғасыр жобасы» республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банк есебінен қаржыландырылды. Алайда, бүгінгі таңда бөгеттің 200 метрін су шайып кеткен және бұл учаске жедел жөндеуді қажет етеді.
Жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, ағымдағы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны 4 млрд. 582 млн. теңгені құрайды. Үстіміздегі жылы қыркүйек айында республикалық бюжеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн. теңге бөлінді. Алайда, 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған, - деді сенатор.
Сонымен қатар ол қазір Көкарал бөгетін құтқарып қалмасақ, бұл жағдай экологиялық апатқа ұшыратады деп отыр. Яғни бүгінде 27 млрд текше метр су жиналған Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.
Осыған байланысты, Сізден жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде жоба бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтауға қалған 4 млрд 80 млн теңге бөлінуін қамтамасыз етуіңізді сұраймыз, - деді Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.