4 маусым - тыныштық күні
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.
Республикалық референдумға қатысушылардың барлығының назарын мынаған аударғым келеді. Яғни бүгін түн ортасында үгіт аяқталып, ертең 4 маусым сағат 00.00-ден бастап бізде тыныштық күні болады. Тыныштық күні және референдум күні үгітке байланысты кез келген әрекетке тыйым салынады және бұл үшін заңмен құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Осыны ескерулеріңізді сұраймыз, – деді ол.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова да өз сөзінде тыныштық күніне қатысты Референдум туралы заңға тоқталып өтті.
Референдум туралы заңның жетінші бабының төртінші тармағына сәйкес, референдум болатын күні және оның алдындағы күні кез келген үгітке тыйым салынған. Бұл жағдайда үгіт ұғымының мағынасына тоқталып өтейік. Үгіт материалдары ретінде дауыс берушілерді референдумға шығарылған сұрақтарға оң немесе теріс дауыс беруге ынталандыратын материалдар қарастырылады, – деді вице-министр.
Өз сөзінде Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев та аталған күндері кез келген үгітке, оның ішінде қоғамдық пікір сауалнамалар нәтижелерін немесе референдум болжамдарын жариялауға тыйым салынатынын ескертті.