4 кісі өлімі, 33 тонау: Елде жеті күнде 2800-ден астам қылмыс жасалған

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай,еліміздің аумағында жеті күн ішінде 2800-ден астам қылмыс жасалған. 

Бір апта ішінде 2893 қылмыс жасалды, оның 1825-і тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Айтуынша, тәртіп сақшылары бірқатар қылмысты ізін суытпай ашқан.

Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 4 кісі өлтіруді, 2 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 33 тонау және 455 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі. 

Сонымен қатар ІІМ Ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексеру жөніндегі іс-шараларды жалғастыруда (Integrity Check).

Тексерушілер полиция қызметкерлерінің жұмысындағы күнделікті жағдайларды жоспарлайды, оларға жауап беру нұсқаларын зерттейді және тексерілетін қызметкерлердің іс-әрекеттерін бағалайды. Ең алдымен, күнделікті өзара әрекеттесетін және халықпен байланыста болатын қызметкерлер мен бөлімшелер тексеріледі. Шын мәнінде, полиция қызметкерлері азаматтармен әрбір байланыста болған кезде, парасаттылықты тексеру туралы біле отырып, барлық өтініш берушілерді бірден-бір тексеруші ретінде қабылдайды және өз міндеттерін адал орындайды, - дейді Шұғыла Тұрлыбек.

Мәселен, Павлодар қаласының патрульдік полиция инспекторлары жол қозғалысы ережелерін бұзды деген күдікпен «Lexus» автокөлігін тоқтатқан. Жүргізуші, Астана қаласының тұрғыны ІІМ-нің жеке қауіпсіздік департаменті қызметкерінің қызметтік куәлігін ұсынды, бірақ соған қарамастан ол жол бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІМ қызметкерінің ұсынылған құжаты полицейлерді де қызықтырды. Тексеру кезінде анықталғандай, куәлік ІІМ-нің түпнұсқа үлгісіне сәйкес келмеді және жалған болып шықты. Құқық бұзушының Павлодар облысы ПД ӨҚБ-ның көрінеу жалған құжатын пайдалану фактісі бойынша ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңға бағынуға және заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақырады, - деді өкіл. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы