4 газ баллоны жарылған. Бурабайда дәмхана өртенді
Бурабай ауданында 40-қа жуық өрт сөндіруші жазғы дәмханада болған өртті сөндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
5 шілдеде сағат 3:09-да Бурабай ауданы, Бурабай ауылындағы жазғы дәмханада өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шақырту орнына бірден Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 38 адамы мен 10 техникасы, «Бурабай» МҰТП 2 қызметкері мен 2 техникасы барған.
Қабылданған жедел іс-шараларының арқасында сағат 4:13-те оқшауланған өрт сағат 5:04-те жойылды. Жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Келген уақытта жазғы дәмхананың ғимараты толығымен өртке оранғаны байқалды, бұл хабарламаның кеш түскенін көрсетеді. Лезде қосымша күштер мен құралдарды тарту туралы шешім қабылданды. Сөндіру кезінде төрт газ баллоны жарылып, өрттің көршілес ғимараттарға одан әрі тез таралуына ықпал етті. Жедел қабылданған шаралар өрттің тұрғын үйлерге таралуының алдын алды, – деді Щучье қаласы жасағының бастығы Руслан Базарбаев.