4 800 адам трансплантация кезегінде: Жаңа заң жобасы нені өзгертеді?
Қазақстанда 4 800-ге жуық адам ағза трансплантациясын күтіп жүр. Ал жаңа заң жобасы балалар арасында гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауға құқықтық мүмкіндік бермек. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда трансплантология бағыты 2012 жылдан бері белсенді дами бастаған. Осы мақсатта республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығы құрылған. Қазір елімізде жоғары білікті мамандармен жасақталған 11 трансплантация орталығы жұмыс істейді.
2013 жылдан бері Қазақстанда шамамен 3 100 трансплантация жасалған. Оның 2 500-ге жуығы тірі донордан, яғни жалпы операциялардың 83 пайызы осы санатқа жатады. Ал 514 трансплантация қайтыс болғаннан кейінгі донорлық арқылы жүргізілген, - деді ДСМ өкілі брифингте.
Сонымен қатар бірінші вице-министр ағза мен тін донорлығы мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті. Қазіргі уақытта трансплантация кезегінде шамамен 4 800 адам тұр.
Балалар арасында дің жасушаларын трансплантациялауға мүмкіндік беріледі
Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа заң жобасына гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауға қатысты нормалар енгізілген. Бұл, әсіресе, лейкоз сияқты қан ауруларымен ауыратын балалар үшін маңызды.
Жаңа нормалар аясында генетикалық сәйкестік болған жағдайда балаларға бауырынан немесе әпке-сіңлісінен дің жасушаларын алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін HLA-типтеу нәтижесі бойынша сәйкестік анықталып, ата-анасының және баланың келісімі қажет.
Бірінші вице-министр бұл процедураның ағза трансплантациясынан айырмашылығы бар екенін түсіндірді. Оның айтуынша, донордың қан тамырынан қан алынып, одан гемопоэтикалық дің жасушалары бөлініп шығарылады. Қанның қалған бөлігі қайтадан донордың өзіне қайтарылады.
Бұған дейін балалар арасында мұндай трансплантацияны жүргізудің құқықтық тетігі болған жоқ. Енді осы мүмкіндікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп отырмыз, – деді Тимур Сұлтанғазиев.