3D контенті арқылы мамандардың біліктілігі арттырылады
Павлодар қаласындағы ERG біріңғай оқыту орталығы виртуалды шындық технологиялары мен 3D контентін қолдану арқылы мамандардың біліктілігін арттырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқыту орталығы түрлі өндірістік компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көмектеседі. Оқуға келген қызметкерлер түрлі тәжірибелерді жасап, зерттеуге мүмкіндігі бар.
Орталықта барлық жағдай жасалған. Арнайы оқу кабинеттері компьютер құрылғыларымен жабдықталған.
Оқу ғимараты 2021 жылы қолданысқа берілген. Мұндай оқу орталығы Ақсу, Рудный қалаларында да бар. Сондай-ақ технологияның қыр-сырын білу үшін студияда білікті мамандардың көмегімен түсірілім жұмыстары өтеді.
Компания қызметкерлері үшін арнайы QR код беріледі. Сол код арқылы ютуб желісіне жарияланған өзіне қажетті сабақты көре алады.
Оқу орталығында дәнекерлеу мамандығы бойынша қазіргі технологияны пайдаланып металл конструкцияларын, күрделі аппараттарды, бөлшектерді, тораптарды, металдарды балқыту әдісімен біріктіру жобасына қатыстық.
Арнайы визуалды құрылғының көмегімен дәнекерлеу жұмысын көріп, бір күн дәнекер маманы болдық.
Жартылай автоматты дәнекерлеу құралы бастапқыда оңай көрінген. Алайда жұмыс істеу барысында өзіндік қиындықтары да болды. Визуалды құрылғыны пайдаланып, дәнекерлеу үшін қолды үйретіп біраз жұмыс істеуге тура келеді. Дәнекерлеп болған соң жасалған жұмыстың арнайы балдық шкаласы экранға шығады. Сол арқылы сіздің дұрыс және қате жұмыс істегеніңіз анық айқындалып тұрады. Сондай-ақ, қай жерде қателескеніңізді де көрсетіп береді.
Орталықтағы оқыту процесі бірнеше режимде өтеді. Анимация, тәжірибе және объектілерді зерттеу.
Курстан өткендерге құжат оңайлықпен берілмейді. Келген үйренуші жүйедегі барлық операцияларды орындағаннан кейін пайдаланушының соңғы нәтижесі көрсетіледі. Яғни тест тапсырады. Оқытушы үйреткен сабақтарды әрбір студент өндірісте белгіленген техникалық талаптар мен стандарттарда қарастырылған барлық жұмыстарды өз бетінше орындауы керек.
Оқыту нәтижелері бойынша белгіленген үлгідегі құжат беріледі.