39 млн тонна мұнай және жаңа инвесторлар: Қазақстан нарығында не өзгеріп жатыр?
Астанада өткен Kazneftegazservice-2026 конференциясында Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі трендтер айқындалды. Ірі операторлар өндірісті ұлғайтып, экологиялық көрсеткіштерді жақсартса, шетелдік компаниялар ел нарығына қызығушылық танытып отыр.
"Теңізшевройл" компаниясының бас директоры Уильям Лакоби мәлімдеуінше, компания соңғы 30 жылдан астам уақытта өндірісті бірнеше есеге арттырған. 1993 жылы 1 млн тонна болған мұнай өндіру көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 39 млн тоннаға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Болашақты болжаудың ең тиімді жолы – өткен нәтижелерге қарау. Біздің өндірісіміз 32 жыл ішінде тұрақты өсім көрсетті. Бұл Қазақстан экономикасына елеулі қаржылық үлес қосып, елдің жаһандық энергетикалық нарықтағы позициясын нығайтты, – дейді компания басшысы.
Оның айтуынша, Теңіз кен орнында орын алған қиындықтарға қарамастан, өндірістің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы басты назарда. Үшінші буын зауыты мен Болашақ кеңейту жобасы өндіріс көлемінің өсуіне айтарлықтай серпін берген.
Конференция барысында компанияның экологиялық нәтижелері де жарияланды. 2025 жылы өндірілген әр тонна мұнайға шаққандағы шығарындылар 78%-ға қысқарып, 2000 жылдан бері газды алауда жағу көлемі 94%-ға азайған. Сонымен қатар өндірісте суды қайта пайдалану деңгейі артқан. Автоматтандырылған эмиссия мониторингі жүйесі енгізіліп, деректер мемлекеттік органдарға нақты уақыт режимінде жіберіліп отыр.
Сондай-ақ компания ел экономикасындағы негізгі салық төлеушілердің бірі ретінде аталып өтті.
Біздің компания Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мен бюджетіне негізгі үлес қосушылардың бірі болып қала береді, – дейді Лакоби.
Оның сөзінше, 2026 жылы негізгі басымдық өндірістік тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті күшейту және ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету болмақ.
Конференция алаңында шетелдік инвесторлардың қызығушылығы да байқалды. SST Thermal Solutions компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі директор орынбасары Илья Кротиков Қазақстан нарығына шығу жоспары бар екенін мәлімдеді.
Қазақстанда мұнай өндірудің жақсы қалыптасқан базасы бар, бірақ әлеует толық пайдаланылған жоқ. Біз мұнай-химия, соның ішінде шағын тоннажды өндіріс, арнайы полимерлер мен композициялық материалдар бағытында үлкен мүмкіндік көріп отырмыз. Бұл – инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызды көзі, – деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда тұрақты елдер саны азайып, Қазақстан секілді саяси тұрғыда тұрақты мемлекеттер инвесторлар үшін маңызды бағытқа айналып отыр.
Қазақстан теңіз порттарынан алыс орналасқанымен, саяси тұрақтылық пен инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етіп отыр. Біз бұл нарыққа келуді жоспарлап отырмыз, – деді компания өкілі.
Сарапшы мұнай бағасына қатысты да болжам жасап, қазіргі жағдайда барреліне шамамен 100 доллар деңгейінде сақталуы мүмкін екенін айтты.
Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (KPO) компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев жергілікті қамтуды арттыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, компания 2030 жылға дейін қазақстандық өндірушілерден тікелей сатып алу үлесін 18%-дан 30%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұл көрсеткіш аз болып көрінуі мүмкін, бірақ бүгінде біз Қазақстаннан 50 млн доллардан астам тауар сатып алып отырмыз. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 9% ғана еді. Тікелей сатып алу арқылы отандық зауыттарға тапсырыс беріліп, олар жаңғыртудан өтеді, инвестиция тартылады және жаңа жұмыс орындары ашылады, – дейді ол.
Оның сөзінше, бүгінде компанияда шамамен 4 мың адам жұмыс істейді және бұл көрсеткіш тұрақты деңгейде сақталып отыр.