384 млрд теңге бөлінді: Қазақстанның алдағы жылыту маусымына дайындығы қалай?
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында еліміз бойынша «қызыл аймақтағы» жылу электр станцияларының саны 19-дан 5-ке дейін қысқарды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауға алып, барлық нысандарды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды. Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қандай деңгейде? Ел өңірлеріндегі ЖЭО-лар мен инфрақұрылымның жай-күйі және «қызыл аймақтағы» станциялардың жағдайы қалай тұрақтандырылып жатыр? Бұл туралы Энергетика министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі BAQ.KZ тілшісінің арнайы сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Энергетикалық кешенді алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл электр станцияларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.
Электр станциялары мен желілерді жөндеу қарқыны қандай?
Алдағы жылу беру маусымына дайындық аясында жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес еліміздің энергия объектілерінде ауқымды жөндеу жұмыстары іске асырылуда.
Ағымдағы жылы электр станцияларында 115 негізгі жабдықты – 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Бүгінде 4 энергоблокты, 25 қазандықты және 12 турбинаны жөндеу толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта 3 энергоблокта, 28 қазандықта және 23 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ биыл 17 098 шақырым электр беру желілерінде, 444 қосалқы станцияда, 3 408 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станцияда күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған еді. Минстрліктің мәліметінше, бүгінде 17 001 шақырым желі, 404 қосалқы станция мен 3 290 тарату пункті жөнделіп, жоспардың 98%-ы орындалды.
Жылумен жабдықтау желілері бойынша 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Қазіргі уақытта оның 271 шақырымы толығымен аяқталды.
Аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша электр станцияларындағы негізгі жабдықтардың тозуы 52%-ға дейін, электр желілері 65,7%-ға және жылу желілері 48%-ға төмендеуі күтіледі. Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері энергия объектілеріндегі жөндеу жұмысының барысына бару арқылы тұрақты түрде бақылау жүргізеді.
«Қызыл аймақтағы» ЖЭО саны 19-дан 5-ке дейін азайды
ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаевтың айтуынша, жылу электр станцияларының рейтингі 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша қайта қаралды. Өз кезегінде, ЖЭО рейтингінде оң динамика қалыптасты.
«Қызыл аймақтағы» станциялар саны 19-дан 5-ке дейін қысқарды. «Сары аймақтағы» ЖЭО саны 11-ден 19-ға, ал «жасыл аймақтағы» станциялар саны 7-ден 14-ке дейін өсті, – деп атап өтті Комитет төрағасы Ержан Ертаев.
Бұл энергетикалық нысандарында жүргізілген жаңғырту және жөндеу жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. Аталған жұмыстың негізгі тиімділік көрсеткіші – жылумен жабдықтаудың тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етілуі. Мысалы, өткен жылы жылу көздерінде температуралық кестенің бұзылу жағдайлары үш есеге дейін (65-тен 21 жағдайға дейін) қысқарып, технологиялық бұзушылықтар саны 15%-ға төмендеді.
«Қызыл аймақтағы» жылу электр орталықтары бойынша орындалу мерзімдері айқындалған нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар төмендегідей:
- Ақтаудағы ЖЭО-2 станциясында 3 қазандықты, 2 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 1 қазандық пен 2 турбина жөндеуде, ал 2 қазандықта жөндеу аяқталды.
- Семейдегі ЖЭО-1 станциясында 3 қазандықты жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні 2 қазандықты жөндеу толығымен аяқталып, 1 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
- Орал ЖЭО-сында 3 қазандықты жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 қазандықта жөндеу жұмыстары жалғасуда, ал 2 қазандықта жөндеу аяқталды. Станцияның тозу деңгейі 6,4%-ға (89,5%-дан 83,1%-ға дейін) төмендеді.
- Теміртау қаласындағы ГРЭС-1-де 1 қазандық пен 1 турбинаны жөндеу жұмыстары жалғасуда. Станцияның тозу деңгейі 1,89%-ға (53,48%-дан 52,47%-ға дейін) төмендеді.
- Тараз қаласындағы ЖЭО-4 станциясында биыл 1 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілді. Станцияның тозу деңгейі 6,70%-ға (70,4%-дан 65,68%-ға дейін) төмендеді.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Көкшетау, Теміртау және Жезқазған қалаларында жөндеу науқанының кешігу қаупі бар екені айтылған болатын. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің хабарлауыншы, бұл қалалардағы жылу көздеріндегі жұмыстар ерекше бақылауда.
«Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК-нің РК-1 қазандығында №4 қазандықты жөндеу аяқталды. Сондай-ақ РК-2 қазандығында 3 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында.
Жезқазған ЖЭО-да ағымдағы жылы 2 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 1 қазандық жөндеуде, 1 қазандықта жөндеу аяқталды. Станцияның тозу деңгейі 18,03%-ға (67,1%-дан 55%-ға дейін) төмендеді.
«Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 станциясында 3 қазандық пен 1 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні 2 қазандық жөндеуде, 1 қазандық пен 1 турбинаны жөндеу аяқталды. Станцияның тозу деңгейі 3,55%-ға (54,9%-дан 52,95%-ға дейін) төмендеді.
Әлеуметтік нысандар мен қазандықтардың 98 пайызы дайын
Өз кезегінде, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында автономды қазандықтар мен әлеуметтік сала нысандарының дайындығына қатаң мониторинг жүргізуде.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, жоспарланған 14 939 бірліктің 14 618 автономды қазандығы дайындалды (98%). Алты өңірде (Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Ақтөбе облыстары) нысандардың дайындығы 100%-ды құрайды. Ең төмен көрсеткіштер Алматы (94,4%) және Шымкент (92%) қалаларында байқалады.
Әлеуметтік сала нысандарының дайындық көрсеткіштері де жоғары деңгейде.
Білім беру нысандары: 10 913 нысанның 10 693-і дайын (98%). Жетісу, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Абай облыстары мен Астана қаласында бұл көрсеткіш 100%-ға жетті. Алматы (93%) және Ақтөбе (93,9%) облыстары әзірлік қарқынынан біраз қалып келеді.
Денсаулық сақтау нысандары: 5 334 нысанның 5 281-і толық дайын (98%). Жетісу, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында бұл бағыттағы жұмыстар толығымен аяқталды. Шымкент (90%) пен Алматы (92%) қалаларында көрсеткіштер төменірек.
Су және су бұру желілерін жаңғырту көрсеткіші қандай?
Өңірлерде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту шаралары да жалғасуда.
1808 шақырым сумен жабдықтау желілерінің 1303 шақырымы жөнделді (72%). Жұмыстар Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында толық аяқталды. Төмен көрсеткіштер Алматы (59,3%), Жамбыл (60,1%) облыстары мен Шымкент (61%) қаласында орын алып отыр.
Жоспарланған 306 шақырым су бұру желілерінің 225 шақырымы орындалды (74%). Бұл бағытта да Алматы облысы (62,3%) мен Шымкент қаласында (62,4%) жұмыстарды жеделдету қажет.
Қоймаларда 4,5 млн тонна көмір мен 135 мың тонна мазут жиналды
Энергия көздерінің отын қоймаларындағы қатты отынның нормативтік қоры толық көлемде қамтамасыз етілді. Осылайша, энергия көздерінің қоймаларында 4,5 млн тонна көмір және 135 мың тонна мазут жинақталды.
Ержан Ертаевтың сөзінше, халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында барлық мүдделі тараптардың – әкімдіктер, көмір өндіруші кәсіпорындар, операторлар және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қатысуымен Комитет жанында Республикалық штаб жұмыс істеуде.
Алдағы жылыту маусымына халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 1,6 млн тонна, халық үшін – 5,7 млн тонна.
Комитет төрағасы өңірлерді көмірдің қажетті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект және деректерді талдау элементтері енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа әзірленгенін айтты.
Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың жартылай вагонды пайдалана отырып жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторының қызметі туралы мәліметтер біріктірілген. Платформа көмірдің өндіруден және жөнелтуден бастап халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға, тапшылық тәуекелдері мен бекітілген кестелерден ауытқуларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, автономды қазандықтарға қажетті отын қоры дайын тұр: көмір – 69% (1,4 млн тонна), мазут – 88% (60 мың тонна), дизель отыны – 93% (39 мың тонна) деңгейінде қамтамасыз етілді.
Энергетика министрлігі де күзгі-қысқы кезеңге арналған әлеуметтік мазут жеткізу кестесін бекітіп, бұл процесті тұрақты бақылауға алды.
Жөндеуді кешіктірген кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады
Жылу беру маусымы басталуының алдында энергетикалық кәсіпорындарда кешенді бағалау жүргізіліп, арнайы комиссия құрылады. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, энергия өндіруші, энергия беруші, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы ұйымдардан әзірлік паспортын алуға арналған құжаттарды қабылдау жыл сайын 15 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады. Қазір Комитет тарапынан осы құжаттарды қабылдау жұмыстары жүруде.
Министрліктердің хабарлауынша, жөндеу кестелерін негізсіз созған, жұмыс қарқынын баяулатқан станцияларға қатысты ай сайын Республикалық штаб отырыстары өтіп, тиісті шаралар қабылданады. Жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімдерінің бұзылуы немесе жұмыс қарқынының төмендеуі анықталған жағдайда, аумақтық департаменттер кәсіпорындарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қабылдайды. Жалпы алғанда, жылыту маусымына дайындық жұмыстары штаттық режимде жүргізілуде.