30 Қыркүйек 2026, 15:38 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

38,1 млн теңге айыппұл: Кәсіпорындар экологиялық бақылау талаптарын бұзғаны үшін жазаланды

Қазақстанда эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін орнатуға міндетті 113 кәсіпорынның 99-ында жүйе орнатылған. Оның ішінде 85 кәсіпорын Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде дерек беріп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов мәлімдеді.

Қанша кәсіпорын қосылған?

Ерболат Қожықовтың айтуынша, 2021 жылы жүйені бірінші кезекте орнатуға тиіс 91 кәсіпорын анықталған.

Рұқсат беру құжаттары қайта қаралғаннан кейін бұл талапты орындауға міндетті кәсіпорындар саны артқан. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша олардың саны 113-ке жеткен.

Бүгінде 113 кәсіпорынның 99-ында жүйе орнатылған. Оның ішінде 85 кәсіпорын жүйе деректерін Ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде беріп отыр, – деді Ерболат Қожықов.

Тағы бес кәсіпорында жүйені қосу және деректерді беруді сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Олардың қатарында Атырау облысындағы «Kazakhstan Petrochemical Industries» ЖШС, Қарағанды облысындағы «Қарағанды Көмір» ЖШС, Ұлытау облысындағы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» ЖШС, Абай облысындағы «Восток Энерго» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокэнергоусталова» ЖШС бар.

Шығарындылар қалай бақыланады?

Ерболат Қожықов атап өткендей, автоматтандырылған мониторинг жүйесінің мақсаты – ірі кәсіпорындардың шығарындыларын үздіксіз бақылауды қамтамасыз ету.

Жүйе деректері Ұлттық деректер банкіне беріледі. Соның нәтижесінде мамандар кәсіпорындардың көрсеткіштерін қадағалап, анықталған шекті мөлшерден асу жағдайларына шара қолдана алады.

Комитет төрағасының айтуынша, қазір автоматтандырылған мониторинг жүйесінің деректері бойынша шаралар қолмен қабылданады.

Шекті мөлшерден асу анықталған кезде мамандар деректерді қайта тексереді. Құқық бұзушылық расталса, тиісті шаралар қабылданады.

Айыппұлдар қашан автоматты түрде салынады?

Баспасөз конференциясында Ерболат Қожықов экологиялық жүйені басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарламаларды автоматты түрде жіберу жоспарланып отыр.

Қазірдің өзінде қандай да бір кәсіпорында шекті мөлшерден бірнеше рет, жүйелі түрде асу тіркелсе, автоматтандырылған мониторинг жүйесінің деректері бойынша инспекциялық шаралар қабылданып жатыр, – деді ол.

48 кәсіпорынға айыппұл салынды

Ерболат Қожықовтың мәліметінше, автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату талаптарын орындамаған кәсіпорындарға қатысты шаралар қабылданып жатыр.

Бүгінге дейін 48 кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 38,1 млн теңгені құрады. Сонымен қатар кәсіпорындарға анықталған құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген.

Комитет төрағасы нақтылағандай, автоматтандырылған мониторинг жүйесі тіркеген шекті мөлшерден асу жағдайларына қатысты да шаралар қабылданады.

Оның айтуынша, дерек беріп отырған 85 кәсіпорынның кемінде 30-ына айыппұл санкциялары қолданылған.

2021 жылы бірінші кезекте жүйе орнатуға тиіс деп белгіленген 91 кәсіпорында жүйені орнату жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын толық орындау мақсатында министрлік эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деді Ерболат Қожықов.