Жыл басынан бері әлемде 38 журналист қаза тапқан
Алматы, BAQ.KZ. Осы жылдың қаңтар-маусым айлары арасында әлемнің 20 елінде 38 журналист қаза тапқан. Бұл туралы Женевада орналасқан Press Emblem Campaign (PEC) үкіметтік емес ұйымы мәлім етті, деп жазды Синьхуа агенттігі.
Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 42 пайызға төмендеген. PEC-тің бағалау бойынша бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен екі елдегі жағдай бұрынғыдай алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл басынан бері Мексикада 9, ал Ауғанстанда 6 журналист қаза тапқан. Ауғанстандағы журналистердің өліміне негізінен лаңкестер, ал Мексикада қылмыстық топтар жауапты болып отыр.
Аймақ бойынша статистикаға көз жүгіртсек Латын Америкасында 15 журналист қаза тапқан. Ал Сирия мен Ирактағы шиеленістің төмендеуіне байланысты Орта Шығыстағы жағдай жақсарған.
PEC 2004 жылы халықаралық журналистер тобымен құрылған. Бұл үкіметтік емес ұйымның БҰҰ жанындағы арнайы кеңес беру мәртебесі бар. Басты мақсаты – қақтығыс аймағындағы журналистерді заңды түрде қорғау және қауіпсіздігін сақтау.