"37 млн – көлікке, 10 млн – қыдыруға": Перизат Қайраттың анасы ақшаны қайда жұмсаған?
Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында жаңа мәліметтер жария етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы Арман Казекен 2023 жылғы 16 тамызда жазылған Ғайни Алашбаеваның телефонынан табылған жеке жазбаларды жария етті. Прокурордың сөзінше, бұл жазбалар қылмыстық жолмен алынған қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын көрсетеді.
Телефондағы жазбалардан үзінді:
- 37 млн теңге – көлік сатып алуға
- 5 млн теңге – тіс емдеуге
- 10 млн теңге – Түркияда емделіп қайтуға
- 3 млн теңге – БАД (биологиялық белсенді қоспалар) алуға
- 10 млн теңге – қыдыруға
- 3 млн теңге – фэншуй қызметіне
- 1 млн теңге – бацзы курсына
- 2 млн теңге – офлайн іс-шараларға қатысу мен серуендеуге
- 3 млн теңге – киім сатып алуға
- 3 млн теңге – ақ алтыннан жасалған гауһар білезікке
Сонымен қатар, айыпталушы Перизат Қайрат өз табысының заңды көзін дәлелдей алмағаны айтылды. Прокурордың мәлімдеуінше, сотқа Қайраттың иелігіндегі өзге де активтер мен қаржылай шығындардың заңдылығын растайтын нақты құжаттар ұсынылмаған.
Бүгін Перизат Қайраттың иелігінде қандай мүлік бар екені белгілі болған еді.
Еске салсақ дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.
Астанада өткен бүгінгі сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.
Сондай-ақ, айыпталушы Перизат Қайрат Kaspi Bank өкіліне қалай қысым көрсеткені де белгілі болды.
Перизат Қайрат ісі бойынша сотта тағы бір тың дерек жария етілді. Ол жалған мекенжаймен қор тіркеп, қайырымдылықты бүркеме еткен.