37 адам 80 млн теңгесінен айырылған: Жетісу облысында ірі қаржылық алаяқтық ісі сотқа жолданды
Олар интернет-дүкендер арқылы тауарлық несие рәсімдеу жолымен ақша жымқыру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Жетісу облысында тауарлық несиелер арқылы жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс бойынша күдікті ретінде Алматы облысына қарасты Гүлдала ауылының 31 жастағы тұрғыны және Талдықорған қаласының 25 жастағы тұрғыны өтуде. Олар интернет-дүкендер арқылы тауарлық несие рәсімдеу жолымен ақша жымқыру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, алаяқтық жоспар 2024 жылдың қазан айында әзірленген. Күдіктілер азаматтарға тауарлық несие рәсімдеуді ұсынып, алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып беруге, несиені өздері жауып, үстеме ақы төлеуге уәде берген. Схеманы жүзеге асыру үшін олар туыстарының банк шоттарын пайдаланған.
Полицияның мәліметінше, бұл іске Алматыдағы микроқаржы ұйымының қызметкері де тартылған. Ол негізінен қаржылық жағдайы төмен азаматтарды тауып, оларды осы схемаға қатысуға көндірген. Алғашқы кезеңде күдіктілер несиелердің бір бөлігін төлеп, азаматтардың сеніміне кірген. Кейін алынған қаражатты иемденіп кеткен.
Алаяқтардың ықпалымен жәбірленушілер өз таныстары мен туыстарын да тартқан. Нәтижесінде 37 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 80 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.