Бүгін ШҚО-да 363 көпбалалы ана өз таңдауларын жасады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Күршім ауданында тұратын алтын құрсақты аналардың барлығы сайлау учаскелеріне келіп өз таңдауларын жасады.
Солардың бірі «Алтын алқа» иегері, 7 баланың анасы Айнұр Адаспаева болды.
«Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыз үшін тарихта қалатын ерекше күнде мен де өз сайлау учаскеме барып, дауысымды бердім. Мен көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегерімін. Көп баланың анасы болу мен үшін нағыз бақыт. Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасыларда дүниеге келген. Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көптеп көңіл бөлінуде», - деді Айнұр Адаспаева.
Мектеп жасындағы балаларының тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, аудан орталығында жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған үйірмелерге, спорт нысандарына тегін қатысатынын алға тартқан ол жолдасы екеуінің балалардың сапалы білім алып, еліміздің бетке ұстар, білімді, тәрбиелі, еңбекқор азаматтары болуы үшін бар күш-жігерлерін салып отырғандарын жасырмады.
"Балаларымның болашағы үшін бүгін таңдау жасадым!, - деп қосты алтын құрсақты ана.
Қоса кетсек, аудан бойынша алғаш дауыс берген азаматтар мен көпбалалы аналарға сыйлықтар табысталып, алғыс хаттармен марапатталды.