3500-ден астам ауыл жаңғыртылады – Тоқаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуы барысында айтты.
Төртінші. Аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуы. Бұл ретте барлық өңірлерді біртұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударамыз. Атап айтқанда, көліктік-энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымдар біз басқаратын урбанизацияны ескеріп, даму ошақтарын жүйелі ілгерілетуге күш саламыз. Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100% жөнделеді, - деді ол.
Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды екенін айтты.
Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлаушылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі керек. Қолға алынған өзгерістердің жедел және табысты жүзеге асуы жергілікті жердегі жұмыстың тиімділігіне тікелей байланысты, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.