35 жасқа дейінгілер «Жастар» санатына кіреді - Сенат тиісті заңды қабылдады
Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасының елдегі мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнамасын жетілдіруді мақсат тұтқан.
Заң жобасында жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған (NEET санатындағы) жастар, жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары ұғымдары қарастырылады. Сондай-ақ заң жобасы арқылы жастар ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер береді. Жастарға тұрғынүйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірелу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған түзетулер көзделген, - деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Белгілі болғандай, заң жобасы 1 кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, олар келесі тұжырымдамалық түзетулер мен новеллаларды қамтиды:
- жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту;
- «жастарды дамыту индексі», «жастардың әлеуметтік қызметтері», «уақытша орналастырылмаған жастар», «жастармен жұмыс жөніндегі маман», «жастардың еңбек жасақтары» ұғымдарын заңнамалық бекіту;
- жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту;
- мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруды және жастар арасында волонтерлікті дамытуды енгізу;
- уәкілетті органның құзыретіне жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамаларын жастардың еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қызметіне мониторинг жүргізу қағидаларын, жастарды дамыту индексін ендіру және қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды енгізу;
- бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту;
- жоспарланған әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыруды 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде тоқтата тұру;
- базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту;
- ортақ зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін арттыру;
- сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін арттыру;
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау;
- сұранысқа ие кәсіптері мен дағдылары бар шетелдіктерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру үшін төлем қабілеттілігін растау туралы талапты алып тастау.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.