34 көлік, 2 пәтер, 1 пентхаус: Алматыда аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі сотқа жолданды

Алматы қалалық прокуратурасының үйлестіруімен полиция аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сүйенсек, айыпталушы мессенджерлер арқылы қытай, өзбек және ресейлік зауыттармен тікелей байланысы барын айтып, ыдыс-аяқ, жиһаз және тұрмыстық тауарларды арзан бағамен ұсынған.

Алайда бұл шындыққа жанаспайтын болып шықты. Шын мәнінде айыпталушы Алматы базарларынан тауарды өз қаражатына сатып алып, ұзақ күткен көтерме тапсырыстар арқылы шығындарын жапқан. Қылмыстық схеманы іске асыруға оның 12 туысы қатысқан.

Қылмыстық жолмен келген қаражатқа қатысушылар қымбат көліктер, пәтерлер, үйлер, жер телімдері, сәнді киімдер, шетелдік саяхаттар сатып алып, тіпті букмекерлік кеңселерде ақша тіккен.

Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус және 2 тұрғын үйге тиесілі жер телімдеріне тыйым салынды. Алаяқтықтан Қазақстан бойынша 290 адам зардап шеккен, олардың шығыны жалпы сомасы 4,6 миллиард теңгеге жеткен.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы — "аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша қаралып жатыр. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Прокуратура азаматтарды абай болуға, күмән тудыратын ұсыныстарға сенбеуге және қаржылық мәмілелер жасағанда мұқият болуға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: istockphoto.com
Өзгелердің жаңалығы