33 бюллетень талап етіңіздер. Әзімова желідегі фейкке қатысты пікірін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова референдумда дауыс беру ережелеріне қатысты пікір білдірді. 

Бұл туралы ол Халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Бүгін чаттардың бірінде «сайлау учаскесіне келіп, бір бюллетень емес, 33 бюллетень талап етіңіздер» деген аудиохабарды тыңдадым. Яғни ұсынылған түзетулердің санына байланысты. Бірақ бұған дейін барлық түзету пакетіне қатысты бір сұрақ бар екендігі туралы өте нақты түсініктеме болды: «Ия» немесе «Жоқ». Яғни «Референдумға енгізілген түзетулерді қабылдайсыз ба?» деген. Сондықтан мұндай түсініктеме қате және сенімсіз ғана емес, ол азаматтық белсенділікті және референдумға қатысуға деген ниетті қасақана бұзады, - дейді ол.

Әзімованың айтуына қарағанда, аудиохабарлама авторы бюллетень алған азаматтарды парақта қандай нормаларға қатысты түзетулермен келіспейтіндерін жазып қоюға шақырған.

Мұндай жазбалар автоматты түрде бюллетеньді жарамсыз етеді. Хабарламада «Дауысыңызды басқа біреу пайдаланбауы үшін референдумға келіңіз» деп жазылған. Ал шын мәнінде, егер хабарламаны толық тыңдасаңыз, оның адамдардың дауысын жарамсыз деп санауға әдейі итермелеп отырғанын байқауға болады, - деп түсіндірді Эльвира Әзімова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ
Өзгелердің жаңалығы