Қарағанды облысында 32 спорт алаңы пайда болады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биыл аймақта спорт нысандарының көптеп ашылуымен есте қалмақ. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, облыстың 14 қаласы мен 11 ауылында отыздан аса спорт алаңдары салынады. Street Workout стиліндегі жеті алаң бой көтермек.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасын орындау аясында облыста белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың жас ерекшелігіне қарай, сонымен қатар әлеуметтік топтары арасында ұйымдастырылатын денешынықтыру-сауықтыру және спорт шараларының ауқымы жыл сайын артып келеді.

«2018 жылы облыста 9 мыңнан аса спорттық-бұқаралық шара ұйымдастырдық, оларға 500 мыңнан астам адам қатысқан. Ауқымды шаралардың қатарында облыстың барлық қалаcы мен ауданынан 29 мың спортшыны қамтыған он спартакиаданы айтуға болады», - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов.

Cпорт нысандарының көптеп ашылуы салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, денсаулығына көңіл бөлетіндердің көбеюіне әкелді. Өткен жылы аймақта дене шынықтыру мен спортпен айналуға арналған ірілі-ұсақты 70 нысан ашылған. Қазіргі уақытта облыста бос уақытын тиімді пайдаланып, спортқа көңіл бөлгісі келетіндер үшін 3000-ға тарта объект жұмыс істеп тұр. 

«2018 жылы Қарағанды өңірінде бес ірі спорт кешені пайдаланылуға беріліп, бүгінгі таңда халықтың игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Абай қаласында жүзу бассейні, Қарағандыда «Досжан» жабық мұз айдыны, «Аманат Арена» спорт кешені, Шет ауданында С.Сейфуллин атындағы ДСК ашылса, Балқашта «Ақ теңіз» спорт кешені қайта қалпына келтірілді. Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін өткен жылы 40 шағын спорт алаңы орнатылды, олардың 25-і қалаларда салынса, 15-і ауылдық жерлерде. Street Workout алаңдары Нұра, Қарағайлы, Ботақара елді мекендерінде және Жезқазғанда салынды. Сондай-ақ, 20 көпфункционалды хоккей алаңдары орнатылған. Биылғы жылы облыстың 14 қаласы мен 11 ауылында 32 спорт алаңын орнату жоспарлануда. Ұлытау ауданының Жезді, Шет ауданының Ағадыр елді мекендерінде және Жезқазғанда «Street Workout» алаңдары ашылады», - дейді Д.Карпов.

Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы спортты дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары құрылуда. Аталған жоспар халықтың салауатты өмір салтын сақтап, спортпен белсенді айналысуларына, сондай-ақ елімізді халықаралық аренада лайықты көрсете алатын чемпиондар дайындауға мүмкіндік беретін басты шараларды іске асыруға бағытталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы