Полицейлер Алматы облысында қолды болған 32 сиырды иесіне қайтарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері 7 миллионнан астам шығын әкелген барымташылар тобын құрықтады.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, сот шешімімен олар қамаққа алынып, өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталуда.
Ұрылар қазан айының басында Қаратал ауданындағы шаруа қожалықтағы қорадан 41 ірі қараны үптеп кеткен. Аудандық тәртіп сақшылары бірнеше іздестіру топтарын құрып, аталған қылмысты ашуға бағытталған кеңауқымды шаралар қабылдаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында 5 адамнан тұратын қылмыстық топтың өкілдері ұсталып, аудандық полицияға жеткізілді. Тәртіп сақшылары қолды болған 32 басты сатып алушыдан тәркілеп, мал иесіне қайтарды. Қалған сиырдың сойылып кеткені анықталды.
"Мал иесінің арызы түскен сәттен қылмысты ізін суытпай ашу мақсатында шұғыл әрекет еттік. Қабылданған шаралар аясында 19 бен 36 жас аралығындағы 5 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтадық. Тергеу барысында ұрланған мал Талғар ауданына сатылғаны анықталып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп атап өтті Қаратал ауданы Полиция бөлімінің бастығы Рауан Абдраймов.
Облыстық полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, соңғы бес жыл ішінде мал ұрлығын кәсіп қылған 300 астам қылмыстық топ ұсталған. Облыстағы мал ұрлығы азайған. 2014 жылы облыс аумағында 1609 мал ұрлығы тіркелсе, биыл 729 мал ұрлығы болған. 9 ай ішінде барымташылардың жетегінде кеткен 650 мал өз иелеріне аман-есен қайтарылса, зардап шегушілерге 75 миллионнан астам материалдық шығын өндірілген.