3,2 млн өтініш AI көмегімен өңделді: Қазақстанда 150 қызмет цифрланады
Мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізін QazTech платформасы құрайды. Биыл цифрлық жүйелерді осы платформаға көшіру жоспары 92%-ға орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, QazTech мемлекеттік сервистер мен деректерді бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетуде «Өмір жолы» қағидатына көшуге мүмкіндік береді. Яғни азаматтарға қажетті қызметтер олардың өміріндегі маңызды жағдайларға сәйкес проактивті түрде ұсынылады.
«Әлеуметтік әмиян» жүйесі де проактивті әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Қазір оның пайдаланушылар саны 3 миллионға жеткен.
Сонымен қатар e-Otinish жүйесінде жасанды интеллект көмегімен 3,2 миллионнан астам өтініш өңделген.
Ал eGov GPT арқылы қазір 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін азаматтар арасында ең көп сұранысқа ие, жалпы трафиктің 80%-ын құрайтын 150 қызметті осы форматқа көшіру жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, 2028 жылға қарай жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтердің үлесін 40%-ға жеткізу көзделген. Ал 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтерді алу уақытын екі есе қысқарту жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатыр.